Джеки Чан Астанада өзін қымбат көлікпен қарсы алуға қарсылық білдірген

Джеки Чан Астанада өзін қымбат көлікпен қарсы алуға қарсылық білдірген

Джеки Чан Астанада өзін қымбат көлікпен қарсы алуға қарсылық білдірген
ашық дереккөзі
Әйгілі актер Джеки Чанның Астанаға келгені үшін Қазақстан тарапы еш қаржы шығындамаған. Актер өзінің жеке ұшағымен келіп, тіпті қымбат көлікпен күтіп алмақ болған қазақстандықтардан қарапайым минивен қарсы алуын сұраған. Бұл туралы Ерлан Қарин Instagram парақшасында хабарлады. «Негізі актер тек Қытай киносы фестивалінің ашылуына қатысуы тиіс болған, алайда ол бізге кішіпейілділік танытты. Біздің жолымыз болып, аз ғана уақыттың ішінде баспасөз мәслихатына қатысып, бағдарламаға («Түнгі студия» бағдарламасы - ред.) түсіп үлгерді. Бәрі соңғы сәтте аяқасты болды», - деп жазады «Қазақстан РТРК» АҚ Басқармасының төрағасы. Одан бөлек, Ерлан Қарин актердің Астанаға келуі үшін Қазақстан тарапы еш қаржы шығындамағанын жазады. «Ол достарымен бірге өзінің жеке ұшағымен ұшып келді. Ешкім оған ешқандай гонорар төлеген жоқ, ол да ешқандай «райдер» ұсынбады. Тіпті қымбат көлікпен күтіп алудан бас тартып, достарымен бірге қала ішінде жүру үшін қарапайым минивен сұрады. Астаналық рестораторлар оның келгеніне риза болғаны соншалық, кешкі ас үшін біз бір тиын да төлемедік. Ол Қазақстанда бір-екі күн болады деп жоспарланған еді, алайда уақыттың аздығына байланысты актер жарты күн ғана болды», - деп мәлім етті. Сондай-ақ, автор бар шығын құрметті қонаққа сыйланған кәдесыйлар мен ЭКСПО-ның билеттері болғанын айтады. Сөз соңында Ерлан Қарин Джеки Чанмен болған кездесуден алған әсерімен бөлісті: «Джеки өте қарапайым, мейірімді, шынайы және көңілді адам екен. Тіпті бірге суретке түскісі келген ешбір жанның көңілін қалдырған жоқ. Әзілдесіп, күліп жүрді. Жуырда тағы да Қазақстанға келетінін айтты. Ол жолы бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін бұдан көрі ұзағырақ уақытқа келмек. Біз, әрине, тағатсыздана күтеміз».