424
Ақтөбе мұнай компаниялары жерасты суын ластап жатыр
Ақтөбе мұнай компаниялары жерасты суын ластап жатыр
Ақтөбедегі ірі мұнай компаниялары жерасты суын ластап жатыр. Бұл туралы Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалауды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Аққұл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбедегі Көкжиде құм алқабында мұнай мен тұщу су қорыбар. Аумағы 43 мың гектар болатын жерде «Ада Ойл», «КМК Мұнай» ЖШС-і мен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ы мұнай өндіріп жатыр. Тұщы судың құрамын жылына төрт рет тексеретін облыстық табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалауды реттеу басқармасы судың ластану деңгейі азайып келе жатқанын айтып отыр. Бірақ мұнай компаниялары ауыз суды түбегейлі қорғау технологиясын әлі қолданбай отыр.
«Көкжиде құм алқабы жерасты тұщы су кен орнын сақтау мақсатында бұрын құрылған гидрогеологиялық ұңғыма торабы арқылы судың сапасына бақылау жүргізіліп келеді. Мониторинг жүргізілген уақыттарда судың құрамында мұнай, ауыр металдар және тағы да басқа ластаушы заттар анықталып отыр», - деді Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Аққұл.
Ақтөбеде ауаны ластайтын төрт ірі компания бар. Олар мұнай-газ, металлургия саласындағы ірі өндіріс орындары. Мәселен, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «ҚазақОйл» ЖШС, «Қазхром» ТҰК» АҚ, «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның облыстық филиалы бір жылда 169 мың тонна қалдықты ауаға тастаған. Оның басым бөлігі мұнай компанияларына тиесілі. Ауаға тасталған химиялық элементтер арасында адам денсаулығына аса зиянды формальдегид, бензипирен, хром, күкіртті сутек бар. 2015 жылға қарағанда Ақтөбеде ауаны ластау көрсеткіші артқан. Себебі, өңірде бірнеше ірі өндіріс орны іске қосылды: Ақтөбе рельс-арқалық зауыты, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының №4 цехы.