363
Қазақстанда әйелдерге тыйым салынған кәсіптер тізімі қайта қаралады
Қазақстанда әйелдерге тыйым салынған кәсіптер тізімі қайта қаралады
Қазақстанда әйелдерге тыйым салынған кәсіптер тізімі қайта қаралады. Атап айтқанда, автоматтандырылған және технологияландырылған жағдайда әйелдердің денсаулықтары үшін қауіп төндірмейтін кейбір жұмыстардың қолжетімділігі қамтамасыз етіледі. Бұл туралы Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясы барысында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.
Тамара Дүйсенованың айтуынша, Қазақстанда әйелдер еңбегін пайдалануға тыйым салынған 25 жұмыс қамтылған тізім қолданыста. Олардың ішінде металл өңдеу, құрылыс, тау-кен, металлургиялық жұмыстар, цемент өндірісі бар. Тізімде әйелдер еңбегін пайдалану тыйым салынған 287 аса зиянды, қауіпті және ауыр мамандық қамтылған. Мәселен, асфальтбетоншы, металл құюшы, қазандықшы, бульдозер, кран машинисті, суға сүңгуші, жол монтері, электр монтері.
«Біз бұл тізімді жыл сайын жаңартып отырамыз. Қазір әлеуметтік әріптестерімізбен және Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығымен бірлесіп бұл мәселеге қайта оралуды жөн көрдік. Технологиялық процестердің енгізілуіне орай кейбір өндіріс түрлері адам денсаулығына кері әсерін тигізбей жұмыс істеуіне мүмкіндік береді», - деді министр.
2017 жылдың соңына қарай тізімді оңтайландыру бойынша нақты ұсыныстар әзірленеді. 2016 жылдың қорытындылары бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек қатынастарында өзін-өзі реттеу принципі жұмыс істейді деп тұжырымдады.
«2015 жылмен салыстырғанда, өткен жылы бізде жасалған жеке еңбек келісімшарттарының саны 60 мыңға артты», - деді Тамара Дүйсенова.
Сонымен қатар,еліміздегі барлық ірі және орташа кәсіпорындар ұжымдық келісімшарттармен қамтылған. «Бүгінде 88% ірі, 90% орташа және 31% шағын кәсіпорынның ұжымдық келісімшарттары бар. Бұл - жұмысшылар өкілдері мен жұмыс берушілердің әріптестігінің нәтижесі», - деді министр.