512
Салтанат Өмірәлі: Ағашқа су құймаса, көктемейді
Салтанат Өмірәлі: Ағашқа су құймаса, көктемейді
10 маусымда шымылдығы түрілетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін тағатсыздана күткендердің бірі – қолөнер шеберлері. Былайғы кезде бұйығы тірлік кешіп, қоғамнан тысқары жүретін олар мұндай мүмкіндікті қалт жібергісі келмейді. Себебі бүгінде шеберлердің көбі «өз қотырын өзі қасып» жүргені шындық. Ата-бабадан мирас болып келген ұлттық өнерді ешкімнің қолдауынсыз-ақ, мемлекет тарапынан көмексіз-ақ дамытып һәм танытып жүр. Соның бірі – «Елмұра» компаниясының төрайымы Салтанат Өмірәлі. Бүгінде қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысатын шеберлердің басын қосып отырған «Елмұра» компаниясы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне сақадай-сай.
– «Елмұра» компаниясының шеберханасы қашаннан бері жұмыс істейді?
– Қытайдың қазақтар көп шоғырланған Құлжа қаласы нағыз шеберлердің ауылы. Бала кезімізден қолөнерге баулып өстік. Ал атақонысқа келген 2008 жылдан бастап осы ұлттық қолөнер арқылы нәпақамызды тауып келеміз. Әуелгіде 25 шеберіміз болды. Біреуі алыста, біреу жақында тұрды. Оларға құрал-сайман алып беруі, айлық төлеу жағы тағы бар. Қаржылай көмек көрсетіп, еш мұқтажсыз жұмыс істеуіне жағдай жасадық. «Елмұра» компаниясының негізгі мақсаты да – халықты жұмыспен қамту. Бұл бағытта еліміздегі көптеген шеберлерді жинап, төл мәдениетіміз бен өнерімізді әлемге танытуда сан-салалы әрі жүйелі жұмыс атқарып отырмыз. Нәтижесінде «Елмұра» компаниясы арқылы белгілі бір ортаға танылып үлгерген шеберлер баршылық. Бүгінде Алматыдағы шеберлер ауылында біраз азаматтар өз өнімдерін үйлерінде жасап отыр. Барша шеберлердің басын қосатын орталық болуы үшін атқаратын жұмыстар әлі де баршылық. Бұл бағытта, әрине, мемлекеттен қолдау керек. Өйткені ағашқа су құймаса, оның көктемейтіні сияқты, кез келген жұмысқа демеу қажет.
– «Шебердің қолы ортақ» демекші, елімізде ата кәсіпті серік еткен шеберлер көп. Олардың бәріне ЭКСПО көрмесіне қатысып, бұйымдарын паш ету мүмкіндігі берілмейтіні анық. Білуімізше, «Елмұра» компаниясының шеберлері заттарын буып-түйіп дайын отыр екен...
– «ЭКСПО көрмесі елімізде өтеді» деген хабарды естіген күннен бастап идеялық тұрғыдан дайындыққа кірісіп кеттік. Тауардың санын да көбейттік. Мысалға, біз теріден, ағаштан, киізден бұйымдар жасаймыз. Қолөнердің осы үш түрінен кішігірім мәдениетімізді көрсеткіміз келеді. Көрмеге сан-салалы бұйымдар, атап айтсақ, домбыра, қобыз сияқты музыкалық ұлт-аспаптары, сондай-ақ ағаш бұйымдары мен тігін өнімдері де ұсынылмақ. 20 шақты шебер көрме жанынан ашылатын этноауылдан орын алып, ұлттық дәстүрімізді ұлықтап әрі сату мүмкіндігіне де ие болады. Бұл көрме отандық өндірушілерді қолдап, нарыққа шығуына септігін тигізсе деймін.
– ЭКСПО көрмесі үш айға созылады. Сөзіңізге қарағанда, көрмеге қоятын бұйымнан тапшылық туындамайды ғой...
– Бізде тауар түрі өте көп. Астана мен Алматының арасы біраз жер. Қазір іріктеген заттарды апару мәселесі маңызды. Ал сатуға апаратын бұйымдар өтсе жақсы, өтпегенін алып қайту жағына әзірге бас ауыртпадық. Себебі нар тәуекел, бұйырғаны болады. Осы кәсіп арқылы нан тауып жүрген соң, үш ай бойы тұрамыз деген жоспар бар. Көрмеге баратын 8-9 шебер қандай қиындық туындаса да, ұлттық дүниені көрсетуге дайын.
– Бұған дейін халықаралық көрмелерге қатысып, шетелдіктердің назарына іліккен шығарсыздар...
– 2016 жылы Германияда өткен Кіші құрылтайға уәкіл ретінде құралақан барған жоқпын. Сол кезде қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдарының тұсаукесері өтті. Тамашалағандар қатары өте көп болды. Кейбірі жанымызға келіп, қолөнер бұйымының жасалу жолын сұрап жатты. Бастарын шайқап, таңқалысқандары қаншама. Көбісін саттық та. Осы көктемде Дубайда өткен алты күндік көрмеге қатыстық. Шетелдіктердің қолөнерге деген сұранысына тәнтімін. Бұл мемлекеттерде көрмелер жиі ұйымдастырылады. Ұлттық өнімге деген ынта-ықыластары да жоғары. Өз басым шетелдіктердің қазақтың ұлттық өнеріне деген көзқарасы мен сұранысына қарай шаршамай жұмыс істегім келеді. Германия, Түркия мен БАӘ-де өткен әрқилы көрмелерде жоғары бағаға ие болған төл өнімдеріміз Астана жұртшылығы мен жалпы шетелдіктерді бей-жай қалдырмауы керек.
Қайда барсақ та, қазақтың қолөнер бұйымдарына деген құрмет ерекше. Біздің сауда нүктеміз қара базарда да бар. Арнайы іздеп келіп, сатып алатындар көп. Әсіресе, шетелдіктер арзан не қымбатына да қарамайды. Бұл басқа ұлт өкілдерінің ұлттық құндылықты жоғары бағалайтынын көрсетеді. Шетелде тұратын қандастар елге келген сайын қазақтың иісі аңқып тұратын ұлттық бұйымдарды сатып алып, сағынышын басатындай көрінеді. Мәселен, торсықты немесе астауды алатындардан «Мұны не үшін аласыздар?» деп сұрай қалсам, оны үйінің төріне сән үшін қоймайтынын, мейлінше пайдалануға тырысатынын айтады. Ұлттық мереке кезінде торсыққа қымыз құйып, асылған етті астауға салып жейтінін ерекше сүйіспеншілікпен жеткізеді. Мұның өзі туған жерге, қазақ өнеріне деген махаббаттың белгісі іспеттес.
– Шеберлерді ортақ мақсатқа тоқайластыру, оларды қаржылай қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Жалпы, шебердің тілін табу қиын ба?
– Әуелі Аллаға шүкіршілік етемін. Ел арасынан іздесе бармағынан бал тамған, білгір шеберлер бар. Бірақ жалқаулық басым. Егер оның өнімдері көңілден шықса, дереу қаржыландырып, материалын алып беріп, нарыққа шығаруға тырысамын. Болмаса, шебер деген шалқасынан жататын өте қырсық халық. Олардың тілін табу да – өнер.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Динара
Мыңжасарқызы