Катарға қалай қауіп төнді?

Катарға қалай қауіп төнді?

Катарға қалай қауіп төнді?
ашық дереккөзі
1565
Әлемдегі ең кішкентай мемлекеттердің бірі – Катар аяқ астынан үлкен даудың ортасында қалды. Беймаза Таяу Шығыс аймағындағы бейтарап мемлекетке басқа емес, құдайы көршілері және дін бауырлас елдер қыр көрсетіп отыр. Бір-ақ күнде Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірлігі, Мысыр мен Бахрейн бұл елмен дипломатиялық қарым-қатынасын үзетінін және онымен көлік қатынасын тоқтататынын жариялады. Бұл дегеніңіз Катарды экономикалық оқшаулаумен тең. Катар оңтүстігінде Сауд Арабиясымен шектесіп жатыр, ал Бахрейн және Біріккен Араб Әмірлігімен шекарасы теңіз табаны арқылы өтеді. Мұнда бар-жоғы 2,5 миллион адам тұрады. Есесіне, табиғи газ кенінің үстінде отырған бай ел. Кей деректерге қарағанда, қазіргі таңда Ұлыбритания экономикасына ең көп көлемдегі инвестиция құйып отырған мемлекет – Катар екен. Бұл ел АҚШ үшін де маңызды стратегиялық әріптес. Ендеше, Батыс елдері Катардың басына түскен жағдайды сырттан бақылап қана отырмасы түсінікті. Әр саясаттың астарында экономикалық мүдде жататыны күмәнсіз. Халықаралық валюта қорының дерегіне жүгінсек, соңғы бірнеше жылда Катар жан басына шаққандағы өнім көрсеткіші бойынша әлем елдерінің бәрінен оқ бойы озық келеді. «Forbes» журналының дерегінше, ЖІӨ көрсеткіші 88000 доллардан асады. Бұл Катар халқының несібесіне бұйырған табиғи байлық – мұнай мен газдың арқасы. Анығын айтқанда, ЖІӨ көрсеткішінің жартысынан астамы мұнай мен газ экспортынан түсетін табыс. Катар табиғи газ қоры бойынша әлемде үшінші орында тұр. Дүниежүзі бойынша мұнай өнімдері мен газ экспорттаушы елдердің алдыңғы қатарында. Расында, осы табиғи кендері мен аракідік оазис аралдары болмаса, кілең шөл мен шөлейт даладан тұратын, су көзі тапшы, мал-жанға кедей, азық-түліктің барлығы  дерлік  сырттан тасымалданатын елде тіршілік ету оңай емес. Есесіне, Катарда мұнай өңдеу, мұнай-химия, химия және металлургия өнеркәсіптері жақсы жолға қойылған. Әлбетте, жергілікті үкімет мұнайдан басқа салаларға инвестиция құюды барынша насихаттайды. Мұнай мен газдың арқасында әлемдегі ең бай елдердің біріне айналған Катар шөл далада көкке тұмсық көтерген зәулім үйлер салып, туырлықтай жерге жұмақ орнатуға тырысып-ақ жатыр. Екі жарым миллион халық абсолютті монархия билігімен басқарылады. Мұнда саяси партиялар жоқ, ел ішінде қандай да бір шеру өткізуге тыйым салынған, үкімет басшысы мен министрлерді Әмірдің өзі тағайындайды, ал Әмірлік билік атадан балаға кейде ерікті, кейде еріксіз түрде ауысып отырады. Осындай ел үшін төрт бірдей жетекші мұсылман мемлекеттерінің дипломатиялық тұрғыда ат құйрығын кесуге шешім қабылдағаны ең алдымен экономикалық қиыншылыққа ұрындыратыны анық. Себебі Катардың ауылшаруашылығы халыққа қажетті өнімнің он пайызын ғана береді. Азық-түліктің жартысына жуығы Сауд Арабиясы арқылы тасымалданады, енді бұл дәліз жабылатын болды. Дүйсенбіден бері елде кішігірім дүрбелең басталған: катарлықтар дүкендердегі ауыз су мен тамақ түрлерін жаппай сатып алып жатыр. Ел басшылығы қоймаларда азық-түліктің біраз қоры бар екенін айтқанымен, халықтың көңілі алаң. Ресми Дохаға тағылған басты айып – «Мұсылман бауырлар» мен «ХАМАС» сияқты лаңкестік ұйымдарға қолдау білдіріп отыр деген кінәлау. Расында, Катар иммигранттарға ұдайы есігін ашық ұстайды, қазіргі тұрғындарының көбісі кезінде сырттан көшіп келгендер. Шамасы, Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірлігінің қитығына тиген басты нәрсе – Катардың осы елдерден қашқан азаматтарға пана тауып беріп отырғаны болса керек. Доханың өз төрінде мұсылман ұйымдарының басшыларын, оның ішінде басқа елдерде террористік деп танылған ұйым жетекшілерін құшақ жая қарсы алатыны жасырған емес. Мұны Әмірліктің өзі бейтараптық саясат жүргізу және аймақтық қақтығыстарда арағайындық жасаудың талпынысы деп түсіндіретін. Бірақ Катар билігі экстремистік ұйымдарға көмек көрсетіп отырғанын ешқашан мойындаған емес. Бұдан бөлек, саудтық шейхтардың ашу-ызасын тудырған жайт – Иракта тұтқынға түскен катарлықтарды босату үшін Доха бір миллиард доллар төлеген деген хабардың жеткені болатын. «The Financial Times» газетінің жазуынша, босатылған тұтқындар ішінде Иракта ұсталған 26 монарх әулетінің мүшесі мен Сирияда тұтқындалған 50 шақты әскери болған. Шамасы, ақсүйектер Ирактың Наджаф құмында құс салып, аң аулап жүргенде тұтқынға түскен болса керек. Тағы бір мән беретін жайт – дәл осы дипломатиялық жанжалдың алдында ғана Сауд Арабиясына АҚШ президенті Дональд Трамп ресми сапармен келіп-кеткен еді. Трамп жәй кеткен жоқ, Сауд Арабиясының мұсылман әлеміндегі шешуші рөлге ие екенін айтып, шегелеп кетті. Осыған орай, ағылшын газеттері бұл істің бір ұшығы Трампқа апаратынын ашық жазуда. Мысалы, «The Financial Times» газеті «Трамп терроризмді қаржыландырғаны үшін Катарға саусақ шошайтты» деген мақалада «Катарды оқшаулауға ұмтылған Сауд Арабиясы мен басқа Араб мемлекеттерінің жағына Дональд Трамп ашық түрде шықты, ол «радикалды идеологияны» қаржыландыруды үзілді-кесілді тыю керек деп мәлімдеді» деп жазды. Басылымның дерегіне қарағанда, бұл шырғалаңның түп себебі Катардың қазіргі билік жүйесін ауыстыру мақсатына тіреледі. (Мақаланың сілтемесі: https://www.ft.com/content/995989b6-4a8a-11e7-919a-1e14ce4af89b). «Твиттердегі» жазбаны сөзбе-сөз келтірсек, Трамп былай дейді: «During my recent trip to the Middle East I stated that there can no longer be funding of Radical Ideology. Leaders pointed to Qatar – look!» («Таяу Шығысқа жасаған соңғы сапарымда мен радикалды идеологияны қаржыланыруды тоқтату керек деп мәлімдедім. Көшбасшылар Катарды нұсқады – қараңыздар!»). Осылайша, Трамп мырза желдің қайдан соққанын өзі-ақ мойындап отыр. Бұл дегеніңіз, АҚШ Дохамен көп жылғы әріптестік қарым-қатынасының реңкін өзгертуге дайын деген сөз. Әлбетте, бұрынғы басшы Барак Обаманың кезінде жағдай басқаша еді: ол кезде АҚШ Катар жерінде Таяу Шығыстағы маңызды әскери базаларының бірін ұстаған. Тіпті, Джордж Буштың кезінде «Әл Удэйд» базасы Иракқа шабуыл жасаудың басты орталығы болған еді. Қазіргі таңда бұл әуе базасы АҚШ бастаған халықаралық коалицияның әскери операцияларын жүргізу үшін пайдаланылатын стратегиялық нысан. Әйтсе де, Ақ үй әкімшілігі Трамптың дәл осы «твитін» барынша жұмсартуға тырысып бағуда. «The Guardian» газетінің жазуынша, Пентагон өкілдері Катардың әскери бағыттағы әріптестік көмегіне жоғары баға беріп, бірақ оның  лаңкестік  ұйымдармен байланысы туралы сұраққа жауап беруден бас тартқан. Ал Мемлекеттік департаменттің баспасөз хатшысы Хизер Науэрт: «Біз Катардың террористік топтарды қаржыландыруды азайтуға күш салып жатқанын көріп отырмыз, оның ішінде іздеу салынған қаржыгерлерді қудалау, есепшоттарды тұтқындау, банк жүйесінде бақылауды күшейту шаралары бар» деп әңгіме ауанын өзгертуге тырысты. (Сілтеме: https://www.theguardian.com/us-news/2017/jun/06/donald-trump-qatar-tweets-us-diplomatic-damage). «The Financial Times» газетіндегі екінші бір мақала бұл мәселенің мән-жайына қатысты тағы бір дерек келтіреді. «Дональд Трамп пен оның көмекшілері өткен айдағы Сауд Арабиясына салтанатты сапарының алдында Араб НАТО-сын құру жоспарын ойластырды, бұл ұйым ислам экстремизмімен күресу үшін керек болды. Мұның орнына, іс жүзінде АҚШ президенті Сауд Арабиясына 110 миллиард доллар тұратын қару-жарақ сатып, сунниттік араб мемлекеттерін шииттік Иранға қарсы бірігуге үндеді. Бұл оқиғадан апталар өткен соң ғана Сауд Арабиясы мен оның одақтастары тізе қосып, бірікті: кішкентай ғана көрші Катарды қыспаққа алды» деп жазады Д.Гарднер. Ол тағы: «Сауд Арабиясы өзінің ваххабиттер сектасын осы аймаққа және мұсылман әлеміне экспорттау арқылы ислам экстремизмін тұтандыру үшін Катарға қарағанда әлдеқайда көп әрекет жасады» деп, одан соң «қазіргі әлемдегі лаңкестік оба дертінің төркіні суннистік және оның тамыры ваххабизмнің өзгеше фанатизмінде жатыр» деп ашып көрсетеді. (Сілтеме: https://www.ft.com/content/995989b6-4a8a-11e7-919a-1e14ce4af89b). Қазір Сауд Арабиясы бастаған елдер мен Катар арасында ақпараттық соғыс жүруде. Саудтық және Біріккен Әмірлік ақпарат құралдары көршілес елдің лаңкестік ұйымдармен байланысы туралы хабар таратса, Катардың шенеуніктері осы елдің басты жаңалықтар агенттігінің интернет-сайтына кибер шабуыл жасалды деп мәлімдеді. Әлбетте, оған құдайы көршілерін айыптап отыр. Бірақ америкалық CNN телеарнасы кибер шабуылдың артында ресейлік хакерлер тұр деген жорамал айтады. Катар соңғы кезде Иранмен және Түркиямен әскери және экономикалық әріптестікті нығайтты. Иранмен солтүстіктегі газ кендерін бірге өндіруді қолға алса, Түркияға өз жерінен әскери база ашуға рұқсат берді. Енді басы дауға қалған Катардың жағдайына бұл екі елдің теріс қарайтын жөні жоқ. Оның үстіне, Сауд Арабиясының бұған дейін-ақ Иранмен де, Катармен де бақталас екені жасырын емес. Мұсылман әлеміндегі көшбасшылыққа Түркияның да таласы бар. Ал Мысыр мен Араб Әмірлігі соңғы кезде Түркияға салқын қабақ танытып жүр. Осының бәрін есепке алғанда, төрт мұсылман мемлекетінің Катарға жариялаған дипломатиялық жанжалына Иран мен Түркия араласса, мұсылман әлемі ашық екі лагерьге бөлініп, өзара қырықпышақ болуы әбден мүмкін. Бұған қоса, Трамптың жоғарыдағы твит-жазбасының ізін суытпай, бірнеше сағаттан соң-ақ Ресей президенті Владимир Путиннің Катар әмірі Тамим бин Хамад әл Таниға телефон соғып, «бұл істі дипломатиялық және саяси жолмен диалог арқылы шешу керектігін» айтқаны ойландырады. Яғни, іс насырға шапса, Мәскеу де қарап қалмайды деген сөз. Бірақ америкалық әскерилер «Әл Удэйд» базасын бұдан әрі пайдалана береміз деген үміттерін жасырмайды. Ендеше, дипломатиялық жанжалдың әскери қақтығысқа ұласуына АҚШ  мүдделі емес. Катардың елтаңбасында теңіз суын көтерген екі қылыш бейнеленуі тегін емес, сірә. Үш жағынан су қоршаған кішкентай ғана мемлекет өз егемендігін сақтау үшін күштілердің қолдауы мен қаруына жүгінуге мәжбүр. Алпауыттардың арасында ойын жүргіземін деп қазіргідей арандап қалатыны да бар.      

Серіктес жаңалықтары