Таңбалы есімнің иесі – Досым

Таңбалы есімнің иесі – Досым

Таңбалы есімнің иесі – Досым
ашық дереккөзі
Өткен ғасырдағы қазақ тарихы әлеуметтік-мәдени және саяси-экономикалық өзгерістердің көп болуымен ерекшеленеді. Оларды әр түрлі бағалауға болады және әр түрлі бағалау қажет те. Осы өзгерістер қазақ халқының дарынды және көрнекті қайраткерлерінің шоқтығы биік шоғырын тәрбиелеп шығарды. Халықтың сүйіспеншілігі мен қоғамның құрметіне бөленген олар ұлттық құндылықтарды сақтап, дамытып, Қазақ мемлекеттілігінің көкжиектері мен мүмкіндіктерін кеңейтіп, ұлттық зиялы қауымды қалыптастыра білді. Тарихи тұлғалардың бұл «толқыны» адамгершілік және кәсіби қасиеттерімен, көпқырлы дарындылығымен, жоғарғы ұлттық мақтаныш сезімі мен ұлтжандылығымен ерекшеленді. Ұрпақтан ұрпаққа жалғаса отырып, халық шын жүректен олардың көбіне атын атайды: Абай, Ахмет, Мұхтар, Қаныш, Бауыржан, Күләш, Жамбыл, Міржақып, Мұқағали, Шәмші және басқалары. Қазақ халқының бақыты мен ұлылығы халық өміріндегі бүтіндей тарихи дәуірлер мен кезеңдер үшін есімдері маңызды болып табылатын осы көрнекті тұлғалар тізбегін үзбеуінде болып табылады. Бүгінде, бүкіл Қазақстан, ғылыми және педагогикалық, мәдени қоғамдастық ірі ғалым, композитор, танымал қоғам қайраткері, еліміздің білімі мен ғылымын ұйымдастырушы Досым Қасымұлы Сүлеевтің 70-жылдық мерейтойын атап өткелі отырғанда, қазақ халқы өзінің аса қадірлі ұлы – Досымға құрмет көрсетуде деуге болады. Кім жөнінде сөз болып отырғанын түсіну үшін бір ғана есімінің өзі жеткілікті. Себебі – ол таңбалы есім.

Текті болу бір бақыт, тектілікті білдіру ол – өнер

Досым аға қазақ халқының тарихи және ұлттық-мәдени дәстүрлеріне бай Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Досекенің әкесі Қасым аға Ұлы Отан тарихына қатысып, Жеңіспен оралды, одан кейін әскери қызметкер болған, ал анасы орта мектепте мұғалім болып қызмет атқарған. Зиялылық және білім мен руханиятқа табынушылық атмосферасы кішкентай Досымға ықпалын тигізіп, ол жастайынан кітап оқуға құмар, музыка мәдениетіне бейім болды. Дәл осы жылдары Досекенің музыкалық аспаптарда ойнауға әуестігі ояна бастады. Ол баян класы бойынша музыка мектебін бітіріп, кейіннен саксофон мен кларнетте ойнауды үйреніп алады. Анасының сүтімен, әкесінің қанымен Сүлеевтердің ерекше қасиеті – мақсатқа ұмтылушылық пен өз бетінше әрекет ету Досымның бойына да дарыған. Бұл қасиеттері Досым ағаның жауапты әрі кретивті тұлғасын қалыптастырды. «Өз күшіне сену» – Досекенің ұраны осындай, бұл ұраны оны ауылдық мектептен ғылым мен білімнің Олимп шыңына алып келді. Адамның қалыптасуы екі күшке байланысты – тегіне және өскен ортасына. Досеке осы екі күшті тиімді пайдалана біліп, өзіндік ерекшелігі бар және үлкен тұлға ретінде қалыптасты.

Ұлттық рухты ұлықтаушы

Досым Сүлеев жайлы сөз қозғағанда оның қол тумасы «Дос-Мұқасан» туралы айтпау мүмкін емес. Осынау аса талантты ансамбль жөнінде кезінде көп айтылды да, жазылды да. «Дос-Мұқасан» қазақстандықтар үшін әлемді аузына қаратқан «Битлз» секілді болды. Бұл тіпті де кездейсоқ салыстыру емес, себебі, досмұқасандықтардың қазақ эстрадалық музыкасында атқарған қызметі, жұмсаған қайраты ұлан-ғайыр. «Дос-Мұқасан» ұжымының ұлы тағылымы ұлттық сана мен рухқа қызмет ету! Осы тұрғыда олар бұрынғы Одақ көлемінде ұлттық-фольклорлық музыка ансамбльдерінің тұңғыш бастаушысы, алғашқы қарлығашы іспетті. Оларға, досмұқасандықтарға, ұлттық мәдениетімізге парасатты жанашыр, отаншылдық (қазақтық) ойды жаппай оятушы болғаны үшін қарыздармыз. «Дос-Мұқасан» ансамблі Досым Сүлеев феноменімен ажырамас байланыста. Қазақ халқының музыкалық ерекшелігін аса шебер және терең түсіну сезімі композитор әрі орындаушы Досымға музыка өнерінің жауһарларын тудыруға мүмкіндік берді. Оның әндері (барлығы дерлік) халық әндеріне, ХХ ғасырдағы эстрадалық музыка классикасына айналған. Досым ағаның мол музыкалық мұрасының ішінде 20-дан астам әні мен әуендері еліміздегі радио және теледидар музыкалық қорына енген. Қазақ поэзиясының мэтрлері Тұманбай Молдағалиев және Мұхтар Шахановпен бірігіп жазған «Той жыры», «Алматы түні», «Жан досым», «Бақытқа барар жолда» және басқа да әндері қазақ халқының музыкалық дәуірлері арасындағы өзіндік алтын көпір іспеттес. Егер Досым аға тек бір «Той жыры» әнін ғана жазған болса да, ол бәрібір танымал хиттің композиторы ретінде музыка даңқының шыңында жарқырап тұрар еді. Қазақ­­стандықтардың қанша буыны «Той жырының» әуенімен шаңырақ көтеріп, отбасын құрып келе жатыр! Досекенің «қазақтың Мендельсоны» атануы тегін емес! Орындаушылардың дауыстары мен әннің әуенінен оларды дәуірлер танып, халықтың музыкалық өнерінің қалыптасуының бүтіндей кезеңдерін ерекшелейді. Бірақ Досым Сүлеевтің музыкасы, оның әндері мен әуендері ескірмейді, олар бүгінде де тыңдармандардың жасына қарамастан ең танымал әрі көп орындалатын әндер болып отыр. Бұл өз шығармашылығында уақыт шегінен тыс болу, композитор мен орындаушы арман ететін ең жоғарғы баға. Айтпақшы, биыл «Дос-Мұқасан» ансамблі 50 жылдығын тойлайды! Досмұқасандықтар «Қазақ эстрадасының аңызы» атағына әбден лайық және тыңдармандардың жасына қарамастан ансамбльдің бүкіл репертуары еліміздегі ең танымал әрі хит әндер болып қала береді. Маған Павлодар қаласында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Дос-Мұқасан» ансамблінің мұражайы мен мүсіндері экспозициясын жасауға ұйымдастырушы болу бақыты бұйырды. Олар табыстылық пен патриотизм символына айналды, олардың шығармашылығындағы ұлтжандылық ерекше сипатқа ие болды. Мұнда, әрине, ансамбльдің бірінші жетекшісі, есімі Қазақстанның өнер тарихында алтын әріптермен жазылған композитор Досым Сүлеевтің орасан зор рөлін атап айту керек.

Ұлағатты ұстаз, азамат және көрнекті ұйымдастырушы

Досекенің жарты ғасырға жуық еңбек қызметі жоғары кәсіби білім саласымен тығыз байланысты. Институттың аға оқытушысынан Қазақстан Республикасы Үкіметі әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің басшысына дейінгі жол, партиялық құрылымдардағы жұмыс және Білім және ғылым министрлігінің бірқатар департаменттерінде директор, энергетикалық институт проректоры және техникалық университет ректоры қызметі – Досым Қасымұлының кәсіби өрлеудегі қадамдары осындай. Осы жылдар ішінде профессор Досым Қасымұлы Сүлеев 90 мыңнан астам инженер-мамандарға үлкен өмірге жолдама берді, олардың көбі бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде менеджерлер және жобалардың жетекші басшылары болып еңбек етуде. Профессор Д.Қ. Сүлеев жұмысының басында әрдайым оқыту сапасын арттыру тұрды. Бұл оқу-әдістемелік базаны жаңарту, авторы өзі де болып табылатын жаңа оқулықтар мен оқу құралдарын дайындау. Білім саласындағы кәсібилігі мен елеулі үлесі үшін Досым Қасымұлы Кембридж халық­аралық биографиялық орталықтың «2005 жылдың Көрнекті Педагогы» медалімен марапатталды. Досекенің айқын ұйымдастырушылық қабілеттері Білім және ғылым министрлігінде қызмет еткен уақытта ашыла бастады. Бұл білім саласындағы бірқатар заң жобаларын дайындау және Парламентке енгізу, білім және ғылым саласын реформалаудың бірқатар салалық бағдарламаларын әзірлеу. Бұл орта мектептерді компьютерлендіру бағдарламаларын, оқулықтардың жаңа буынын, университеттік білімді ауқымды жаңғыртуды табысты іске асыру, бұл министрлікті Астана қаласына көшіруді жүзеге асырудан көрініс тапты. Досеке әріптестеріне рухани қолдау білдіріп, олардың тұрмыстық және әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесіп, бос уақыттарын ұйымдастырумен айналысуға да әрқашан уақыт табады. Досеке сол уақытта министрліктің құрамына кірген барлық әлеуметтік салалар үшін Ардагерлер кеңесінің төрағасы және волейбол командасының тұрақты капитаны болды. Әріптестерінің өміріндегі ең қиын сәттерінде ол әрдайым жандарынан табылып, үлкен қолдау көрсетіп отырды. Кәсіби маман, менеджер әрі ұлы адам болу Досым ағаның шыққан шыңының тағы бірі болып табылады. Досым Қасымұлының еңбегін бағалау КСРО мен Қазақстанның сегіз мемлекеттік наградасынан, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағынан, еліміздің министрліктері мен ведомстволарының наградаларынан көрініс тауып отыр.

Ұлттық университеттер ректорларының шоғырында

Еліміздің жетекші университеттерінің бірі – Қ.И. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіне ректор лауазымына тағайындалу – жоғары оқу орнының да, Досекенің де өміріндегі маңызды кезең болып табылды. Университеттің жаңа басшысынан түбегейлі өзгерістер күткен ұжымның үміті ақталды! Ең бастысы – ол ішкі де, сыртқы да ресурстарды жұмылдырып, оқу-әдістемелік, материалдық-техникалық, сондай-ақ ғылыми-зерттеу аспектілерінде де оң жетістіктердің жоғарғы қарқынына ие болды. Досым Қасымұлының Қ.И. Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ-дағы ректорлық кезеңі жоғары оқу орны үшін оның тарихындағы «алтын меже» болды деуден қорықпаймын. Дәл осы жылдары (2001 жылдан 2008 жылға дейін) жоғары оқу орнын реформалаудың негізгі міндеттері шешілді – оның елдегі ғана емес, халықаралық білім кеңістігіндегі де абыройы арта түсті. Университет зерттеушілік жоғары оқу орны ретінде таныла бастады, үлкен ғылымда өздерін салмақты көрсете білген ғалымдар шоғыры қалыптасты. Университет әлемдік және қазақстандық өнеркәсіптің ірі алпауыттарымен біріктірілген жоғары оқу орнының ғылымын қалыптастырудың айқын үлгісіне айналды. Университеттің оқу-зертханалық базасы түбегейлі өзгерді, жыл сайын әлемдік ғылымды дамытудың басым бағыттары бойынша ондаған заманауи ғылыми зертханалар ашылып жатты. Нәтижесінде университет студенттерінің контингенті екі есеге артты. Профессор Д.Қ. Сүлеевтің басшылық ету стилі ерекшелігіне оның жоғары оқу орнының қызметін жоғарғы халықаралық стандарттарға жеткізуге белсене ұмтылуын жатқызар едім. Бұл жылдары университет ИСО 9001:2000 халық­аралық стандарттар сапа менеджменті жүйесіне сәйкестікке сертификаттаудан өтті, толығымен кредиттік оқыту технологиясына және мамандар даярлаудың екі деңгейлі жүйесіне көшті, АҚШ-та, Францияда, Голландияда, Швецияда, Қытайда философия докторларын бірігіп дайындауды жүзеге асыра бастады. 2004 жылы университет ректоры профессор Д.Қ. Сүлеев Болонья қаласында (Италия) университеттердің Ұлы хартиясына қол қойып, осылайша академиялық бостандық пен мобильділік қағидаларын белсенді енгізу жолына түсті. Университеттің бейнесі өзгерді, оның мәртебесі мен мүдделерінің кеңістігі өзгерді. Жоғары оқу орны университеттердің ғылыми және білім қауымдастығының көшбасшысы ретінде еліміздің қоғамдық-саяси және мәдени-спорттық орталық рөлімен толықты. Бүгінде Досым аға Қ.И.Сәтпаев атындағы ҚазҰЗТУ-дың Құрметті ректоры ретінде өзінің реформаторлық миссиясын жалғастыруда. Досым Қасымұлы Мәлік Ғабдуллин, Евней Бөкетов, Өмірбек Жолдасбеков, Кенжеғали Сағадиев, Мұхтар Арынов, Хайдар Арыстанбеков, Мырзатай Жолдасбеков, Көпжасар Нәрібаев және басқалары сияқты еліміздің көрнекті ректорларының ұлы дәстүрлерін сәтті жалғастырып келеді деп нық сеніммен айта аламын. Ең үздік студенттердің бірі 40 жылдан кейін осы жоғары оқу орнының ең үздік ректорларының бірі болады деп кім ойлаған?

Ғылымда қалдырған ізі

Досымның ғылыми қызметке деген қызығушылығы жас кезінен ояна бастады. Аты аңызға айналған «Дос-Мұқасанда» музыкант әрі композитор болу мансабын ғылымның пайдасына айырбастады дер едім. Бұл Досым ағаның өмірінде музыка өнеріндегі даңқ пен табыстың шыңына жеткен уақытта жаңа салада тыңнан бастаған маңызды қадамдардың бірі болған шығар. Таңдау жасалды... Аспирантурада білім алып, 1978 жылы Мәскеу болат және қорытпа институтында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Ұзақ жылдар бойғы ғылыми ізденістері техникалық ғылымдар бойынша докторлық диссертация қорғаумен аяқталды. Профессор Д.Қ. Сүлеев – 300-дан астам ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде 8 оқулық, оқу құралы, 6 монография, соның ішінде шетелде шығарылған басылымдары да бар. Оның жетекшілік етуімен өнеркәсіптік үдерістерді, білім берудің заманауи технологияларын басқару және автоматтандыру саласындағы ғылыми мектеп қалыптастырылды. Соңғы жылдары ол жаңа ғылыми бағыт – өндірістік шумен күрес техникасын белсенді дамытуда. Жоғары білікті ғылыми мамандарды дайындауға қосқан үлесі 9 докторлық, 12 кандидаттық диссертация, бірнеше ондаған магистрлік диссертация қорғауға жетекшілік етуімен белгіленіп отыр. Еліміздің ірі жоғары оқу орындарының бірінің ректоры бола отырып, Д.Қ. Сүлеев 2005 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі және Жер туралы ғылым бөлімінің төрағасы болып сайлануын символикалық түрде қабылдаймын. Бұл Досым Қасымұлын техникалық ғылымдар саласындағы жетекші отандық ғалым ретінде сөзсіз мойындау ғана емес. Бұл бір ғана жоғары оқу орны – Қ.И. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті – бүтіндей бір салалық академияның қызметін атқара алатындығын мойындау болып табылады. Мұндай мәртебесі үшін университет көп жағдайда өзінің шүбәсіз көшбасшысы, Құрметті ректоры Д.Қ. Сүлеевке қарыздар. Академик Д.Қ. Сүлеевтің ғылыми қызметі халықаралық ғылыми қоғамдастық тарапынан да жоғары бағаланып отыр. Ол жетекші шетелдік университеттердің құрметті профессоры, бірқатар халықаралық академиялардың академигі, Жоғарғы мектеп Ұлттық ғылым академиясының бірінші вице-президенті, Қара теңіз және Каспий теңіздері елдерінің халықаралық ынтымақтастық қорының вице-президенті ретінде Қазақстанның мүддесін қорғайды. Қазақстанда ғылымның дамуын біз академик Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың атымен байланыстыратынымыз тарихи қалыптасқан жағдай. Осы жерде еріксіз Сәтпаев дәстүрлері мен Досым Қасымұлының тағдырын байланыстыратын параллель-желілер туындайды. Біріншіден, өз өміріндегі алғашқы және маңызды табысқа Досым «Дос-Мұқасан» ансамблінің құрамында қол жеткізді. Алайда көпшілік бұл ансамбльдің Баянауыл ауданында, Қ.И. Сәтпаевтың туған жерінде құрылғанын біле бермейді. Екіншіден, Досым аға Білім және ғылым министрлігі әкімшілік аппаратының басшысы ретінде университетке академик Қ.И. Сәтпаевтың атын беру туралы Үкімет қаулысына шын мәнінде «жол ашты». Және оның ректоры болып тағайындалды! Және соңғысы, үшіншіден, Досым ағаны көбі «Дос-Мұқасан» ансамблінің репертуарындағы ерекше есте қалатын әндер мен хиттардың авторы ретінде қабылдайтыны құпия емес. Енді міне, Досеке – Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі. Бұл жерде де Қ.Сәтпаевтың «көрінбейтін қолы», академия дәстүрінде қалыптасқан жолы көрініс табады. Академия енді ғана қалыптасып келе жатқан шақта ең алғашқы академиктердің қатарында композитор Ахмет Жұбанов пен жазушылар Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов болды! Сәтпаев дәстүрі композитор Досым Сүлеевке ХХІ ғасырда ғылымның шыңына жол ашып берді.

Бірлігі жарасқан отбасының иесі

Негізінен, кім болсаң да, қандай маңызды лауазымдарды атқарсаң да, қандай жаңалық ашсаң да, бұл әлемде отбасылық дәстүрлер мен жақын адамдарыңнан артық, одан мықты ештеңе жоқ. Бұл жағынан Досым ағаның жолы болды – мейірімділігі мен ақкөңілдігі, даналығы мен рухани жомарттығы үшін оны туған жерінде аға тұтады. Досеке өз отбасында да бақытты. Жасы 90-нан асқан әкесі Қасым ата ақыл-кеңесі, батасын беріп отырады. Досым ағаның жары Людмила Байдабекқызы әрдайым жанынан табылады, ол отбасының, ошағының ұйытқысы ғана емес, белгілі ғалым, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент. Досекенің балалары – Гүлмира мен Ержан да оның үмітін ақтап отыр, олар бүгінде кәсіби менеджерлер ретінде қалыптасқан, 6 немересі де ер жетіп келеді – бұл Сүлеевтер әулетінің өсіп-өніп жатқанының белгісі. Бұл отбасының өзегі – Досеке, оның бекзаттығы, адалдығы, жан-тәнімен іске берілуі осы тамаша әулеттің жаңа ұрпағының мақтанышына айналары сөзсіз.  

Ерлан Арын,

академик, қоғам қайраткері