1200
Моңғолия ЭКСПО-ға қатыспайды
Моңғолия ЭКСПО-ға қатыспайды
Астана қаласында өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға талпынған мемлекеттер саны 115-ке жеткен болатын. Алайда қазіргі таңда бұл көрсеткіш біраз мемлекетке қысқарды, деп хабарлайды BAQ.kz.
Бүгін Астанаға арнайы келген Моңғолияның батысындағы қазақтар тіршілік етіп жатқан Баян-Өлгий аймағының өкілдері Моңғолияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Лувсан Баттулгамен кездесті.
Кездесудің басты мақсаты Астана ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында Баян-Өлгийде тұратын қандастарымсыздың көрмеге өздері өндірген өнімдерін қоюды ұйымдастыру болатын.
Алайда Моңғолия Елшісі Лувсан Баттулга Моңғолия тарапының әйгілі көрмеге қатыса алмайтындығын жеткізді.
«Осыдан бір жыл бұрын Моңғолия ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға ниет білдірген болатын. Сонымен бірге павилоны дайындалып, екі жақты келісім шарттар жасалған еді. Өкінішке қарай, Моңғолия тарапы бұл көрмеге қатыса алмайтын болды. Себебі қаржы мәселесін шешу мен Моңғолия ұсынатын көрме заттары көрменің негізгі тақырыбы - «Болашақтың энергиясы» аясына сай келмейтін болды» - деді Елші.
Дегенмен, 10-11 маусым Моңғолияда өтетін кезекті Президент сайлауына тұспа-тұс келген ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылу салтанатына Моңғолияның қазіргі президенті Цахиагийн Элбэгдорж келеді деп жоспарланып отыр.
Осы орайда, Баян-Өлгий аймағы әкімшілігі атынан Астанаға келген өкілдердің бірі, аймақтық Бұқаралық радиотелеарна басшысы Оспан Нәбиұлы өз пікірін білдірді.
«Моңғолия тарапының ЭКСПО-дан бас тартуының өзіндік себептерін жаңа Елші мырза айтты ғой. Дегенмен бұл Баян-Өлгий аймағындағы азғана халыққа қиындау тиетін түрі бар. Себебі осы көрмеде атажұрттағы қандастарымызбен кәсіпкерлік байланыс орнатып, түрлі салада қызмет істеуге талпынып отырған бизнесмендер бар еді. Моңғолияның арнайы павлилоны болмауына байланысты біздің де көрмеге қатысуға құқымыз шектелді деген сөз. Дегенмен ұйымдастырушы тарап өзіміздің атажұрттағы арқа трек ағайынымыз болғандықтан бұл мәселенің де түйінін шешіп береді деген сенімдеміз» - дейді Оспан Нәбиұлы.
ЭКСПО көрмесінде қазақылығымыз бен қонақжайлылығымызды, ұлттық салт-дәстүріміз бен рухани байлығымызды паш етеріміз ақиқат. Осындайда алыстағы ағайындарымыздың кемтігімізді толтырып, кетігімізді бүтіндеп тұратынын еске алсақ, Баян-Өлгийдегі қантастарымыздың ЭКСПО төрінде өзгемен терезесі тең тұруына қолыш ұшын созуымыз керек секілді.