173
Ресей азық-түлік талонын жаңғыртпақ
Ресей азық-түлік талонын жаңғыртпақ
Ресейде тұрмысы төмен тұрғындар үшін азық-түлік сатып алуға көмек беретін бағдарлама жүзеге асайын деп жатыр деп жазды “The Qazaq Times”.
Республика бұл жобаны осы жылы енгізбек болған. Енді 2018 жылдан бастап жүзеге асырылмақшы. Ресейдің өндіріс және сауда министрі Денис Мантуровтың сөзінше, бағдарлама 2019 жылға қарай толық күшіне енетін болады. Ал Қаржы министрлігі болса, бұны экономика мен бюджет үшін тиімді бағдарлама ретінде мақұлдаған.
Сонымен бағдарлама бойынша "азық түлік картасы" немесе "азық-түлік сертификаты" таратылып, осы арқылы аз қамтылған ресейліктер ет балық, көкөністерді сатып алады.
Арнайы бекітілген азық-түлік құрамында арақ-шарап пен темекіден басқасының бәрі болады. Яғни арнайы тізімге картоп, ет, жеміс-жидек, сүт өнімдері, тіпті көшеттер, тұқымдар мен үй жануарларына арналған жем кіреді. Қойылатын басты шарт: бағдарлама арқылы тек ресейлік өндірушілердің өнімдері сатып алынады. Бұл жүйе Ресейдің төлем құралдарының бірі "Мир" банктік картасымен жүзеге асырылады. Пластикалық картаға ай сайын "эквивалентті қаржы" немесе "балл", яғни қаржы аударылады. Балдық жүйе деп айтуға болады. Бірақ жинақ емес. Яғни ай сайын аударылған балл картада жинақталып қалмайды. Ол ай сайын тағайындалған азық-түлік тізбесі бойынша жұмсалып отыру керек. Сондай-ақ, азық-түлік үшін аударылған қаржыны банкомат арқылы қолма қол ақшаға айналдыруға болмайды. "Бағдарлама бойынша картадағы қаражат қажетті заттарды сатып алуға жеткілікті болатындай есептелген. Егер қаржы жұмсалмаса келесі айға жарамсыз болады", - деп түсіндіреді Мантуров.
Жобаны жасап шығарғандар бұл халықтың әлеуметтік әлсіз тобының негізгі мәселелерін шешуге және отандық өндірушілердің тауарларына сұраныстың артуына көмектеседі дейді. Әзірге бұл бағдарлама қайдан қалай қаржыланатыны белгісіз.
Денис Мантуровтың сөзінше, барлығы бюджетке байланысты болғандықтан, қазір қаржыландыру көздері қарастырылып жатыр.