Пәтер тонаушыларды қолға түсіруге көмектескен үш оқушы марапатталды

Ақмола облысында полицейлер Целиноград ауданындағы бірнеше пәтер  ұрлығын ашуға жәрдем көрсеткен үш мектеп оқушысын марапаттады. Бұл туралы  ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлады. 

Целиноград ауданы Қараөткел ауылының №2 мектебінің 9 сынып оқушысы Жансерік Бақытжан, Аян және Темірлан Пышинскийлерге құқық сақшылары мектептің салтанатты жиынында алғыс хаттар мен қол сағаттарын табыс етті.

Олар ішкі істер органдарына ауыр қылмыстың бетін ашуға көмектескені, азаматтық парыздарын үлгілі орындағандары үшін марапатталды. Алғыс хатты ЖПҚ бастығы полиция майоры Ермек Медеубаев табыс етті.

Полицейлердің айтуынша, осы жылы ақпанда Қараөткел ауылында бірнеше пәтер ұрлығы тіркелген. Алаяқтар ауыл тұрғындарының үйіне кіріп, тұрмыстық техника, асыл заттар  мен ақша ұрлаған. Үй иелерінің шығыны миллиондаған теңгені құраған. Осындай ұрлықтардың бірін көшеде жүрген жасөспірімдер байқап қалған.

Оқушылардың айтуынша, кешке олар көрші үйлердің біріне белгісіз адамдардың кіріп жатқанын көрген. «БМВ» көліктері жақын жерде тұрған. Бірден қауіптенген олар күдікті көлікті ұялы телефондарына түсіріп алған. Ұрыларды сол арқылы тапқан. Бірнеше күннен кейін алаяқтар елорда аумағынан ұсталды, қылмыстық іс қозғалып, бірқатар тергеу шаралары тағайындалды. Олардың бірнеше қылмысқа қатыстылығы бары анықталды.

«…Біз балаларға азаматтық ұстанымы үшін, қылмысты ашуға жәрдемдескені үшін алғыс білдіреміз. Оларды тәрбиелеген ата-аналары мен ұстаздарына да рахмет. Олар берген ақпарат полицейлерге күдіктілерді ұстап, ықтимал басқа қылмыстың алдын алуға жәрдемдесті…», – деді Ермек Медеубаев.

 

Back to top button