217
Түркіменстанда логистика мәселесі талқыланды
Түркіменстанда логистика мәселесі талқыланды
«ҚТЖ» ҰК» АҚ делегациясы Түрікменстандағы Көлік және логистика жөніндегі халықаралық конференцияға қатысты, деп хабарлайды BNews.kz. Шараға көлік саласындағы халықаралық ұйымдар, қаржылық құрылымдар, корпорациялар мен компаниялар қатысты.
Конференцияда «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның логистика жөніндегі вице-президенті Санжар Елубаев «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы, 2050 стратегиялық дамуы, 100 нақты қадам жобасына байланысты Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамыту жайына тоқталды.
С.Елубаевтың «ҚТЖ» ҰК» АҚ қызметіндегі инфрақұрылымды жасақтау, мултимодальдық логистика, жүк тасымалын дамыту туралы баяндады.
2016 жылы Қытай-Еуропа-Қытай контейнерлік тасымалы көлемі екі есеге (581-ден 1212 пойызға) артты. Бұл бағдардағы контейнерлік тасымал жоспарлы 94,6 мың ЖФЭ болса, ол 105 мың ЖФЭ жеткізілді. Бүгінгі таңда Компания Қытай мен Еуропа арасындағы 15 транзиттік бағдарға қызмет көрсетеді. Оңтүстік- Шығыс Азия бағдарындағы қолданыстағы «Sea-Air» логистикалық тізбегін «Rail-Аir» көлік өнімімен Дубай арқылы Еуропаға шығарудың жаңа бағдары қарастырылуда. 2016 жылы Амстердам, Ыстамбұл және Мәскеу бағдарына 9 пойыз ұйымдастырылды.
ТККБ қатысушылар аталмыш бағдардағы жүк тасымалдауды дамыту жөнінде ұйымдастыру шараларын белсенді жүргізуде. Транскаспий бағдарын дамытуға жаңа мүшелерді тарту Еуразия құрлығындағы контейнерлік және логистикалық қызмет аясын өсіре түседі.
С.Елубаевтың хабарлауынша, Ляньюньган портындағы қазақстандық логистикалық терминал Ұлы Жібек жолы экономикалық белдеуін жаңғыртудағы орталықтардың бірінен саналады. Бұл порт бастауын шығыстан алатын Еуразиялық құрлықтық дәліздің Шығыс пен Батыс арасындағы маңызды көпірі.
«Ляньюньган портындағы логистикалық және сауда алаңы орталығын жасақтау –Қазақстанның Орталық Азия, Парсы шығанағы елдері, Түркия, Еуропа бағдарына жүк тасымалдауын дамытуға зор мүмкіндік береді», - дейді вице-президент.
С.Елубаев «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА еуразиялық көлік жүйесіндегі маңызы туралы әңгімеледі. АЭА Қытай мен Еуроодақ, Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ бен Еуропа арасындағы көлік ағынын қамтамасыз ететін ірі өңірлік көліктік-логистикалық хаб болып табылады.
Вице-президент сонымен қатар Қазақстанның Каспий теңізіндегі инфрақұрылымы туралы да баяндады. Ондағы Ақтау және Құрық порттарының ішкі және сыртқы КЛО желілерін жасақтауы және болашақтағы даму мүмкіндігі жайын баяндады.
Сондай-ақ, С.Елубаев Түрікменстан, Иран теміржол әкімшіліктері мен Қытайдың Ашхабадтағы көлік коммуникациялық қауымдастығы өкілдерімен кездесуге де қатысты.
Тараптар Қытай-Қазақстан-Түрікменстан-Иран бағдарларына тұрақты контейнерлік пойыздар ұйымдастыру, транзиттік жүк көлемін арттыру, жаңа бағдарларды игеру мәселесін талқылады. Келісім соңында арнайы Хаттамаға қол қойылды.