Қорқыттың қобыз сарыны Париж аспанын кернеді
Қорқыттың қобыз сарыны Париж аспанын кернеді
Өткен аптада «Қорқыт ата кітабының» жарық көргеніне 200 жыл толуына орай Парижде ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде үлкен шара өтті. Бұл шараны Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған халықаралық Түркі академиясы ЮНЕСКО жанындағы Әзірбайжан, Түркия, Түркіменстанның тұрақты өкілдіктерімен бірлесе ұйымдастырды. Аталмыш шараға ЮНЕСКО ұйымының хатшылығы, Француз қоғамы, дипломатиялық корпус, қазақ диаспорасы өкілдері, ресми делегациялар, ғалымдар, түркі елдерінің мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.
«Қорқыт мұрасы және түркі әлемі» атты халықаралық жиында сөз сөйлеген ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова ең әуелі бұл жиынға Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының арнайы тапсырмасы бойынша келгенін айтты. Қорқыт қалдырған «Мәңгілік өмір» идеясының Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Мәңгілік ел» тұжырымдамасымен сабақтасып жатқандығына тоқталған Гүлшара Наушақызы: «Қорқыт Ата туралы аңыздардағы мәңгілік өмір іздеу уәжінің адамзаттың ең ежелгі өркениет өлкесі – Шумерде туған «Гильгамеш туралы жырдың» желісімен үндесіп жатуы жайдан-жай болмаса керек. Біз бағзы заманды бүгінмен жалғайтын «мәңгілік» деген сөзге бекерге тоқталып отырған жоқпыз. «Қорқыт Ата кітабының» өзегін құраған мәңгілік өмір тақырыбының қазіргі Қазақстанның ешқашан мызғымайтын елді құру жөніндегі мемлекеттік тұғырнамасымен ғасырлар арқылы үндесіп жатқандығын айта кеткен абзал. Қазақстан «Мәңгілік Ел» идеясын ұлттық бірлік пен мемлекеттік тұтастық идеясы ретінде ұстанып отырған зайырлы, парасатты ел. Бұл ұлы идеяның бастауында еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тұр», – деді. Осылай дей келе Гүлшара Әбдіқалықова Елбасының мәдени мұраны сақтауға ерекше көңіл бөлетінін жеткізді. Мәдени мұраларды ықпалдастырудың басты дәнекері болып отырған ЮНЕСКО қызметіне де ыстық ықыласын білдірді. Мемлекеттік хатшы еліміздегі «Мәдени мұра» ұлттық бағдарламасының халықтар мәдениетіне тигізетін оң ықпалын да тілге тиек ете келіп, мұндай халықаралық деңгейдегі шараның Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы қарсаңында өткізілуі ерекше мазмұнға ие болғандығына баса назар аударды.
Әрі қарай Қорқыт мұрасының маңыздылығына тоқталған Гүлшара Әбдіқалықова: «Қорқыт бейнесі – алып Еуразия құрлығын қоныстанған түркі жұрттарының мәдениеті мен руханиятын сабақтастырып жатқан алтын көпірдің бірі. Халықтың жадында Қорқыт – әрі абыз, әрі жырау, әрі бақсы, әрі ұзан, әрі көріпкел. Ол түркі жұртының ұлық перзенті, ұлы мақтанышы. Қорқыттың мұрасы және ол туралы жыр-аңыздар гуманистік сипаттарға ие, күллі адамзаттық игіліктермен сабақтас. Оның философиясындағы мархабат пен ізгілік, мейірбандық пен бейбітшілік мұраттары тағылымдық-тәрбиелік өзектілігін ешқашан жоғалтпайды. Қорқыт мұрасының ең басты мәні – өмірдің жасампаздығын ұлықтау. Сондықтан, Қорқыт – бүкіл адамзат тарихындағы қайталанбас ұлы тұлғалардың бірі», – деді.
Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы «Қорқыт ата кітабының» барша адамзатқа ортақ құнды мұра екеніне тоқталды. Сол себепті, Қорқыт мұраларының ЮНЕСКО деңгейінде қорғалып, насихатталуы тиіс екендігін атап өтті. «Бүгінде түркі халықтары ішінде ұлы Қорқыттың есімін рухани құндылық ретінде құрметтеудің ауқымы арта түсуде. Әзірбайжан ағайындардың Қорқыт туралы роман мен көркем фильм дайындағанынан хабардармыз. Басқаларымызға да осы бағытта ізденетін шақ туды деп есептейміз. Бұл орайда, осы іс-шара Қорқыт туралы халықтық аңыздарды ЮНЕСКО аясындағы материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізудің алғашқы қадамы болсын», – деп атап өтті Мемлекеттік хатшы.
Жиында сөз алған Әзірбайжан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, Халық жазушысы Элчин Эфендиев Қорқыт мұрасына арналған ауқымды шараның маңыздылығына тоқталып, алып тұлғаның есімі ғасырлар өткен сайын биіктей түсетінін айтса, Түркіменстан Ғылым академиясының академигі Аннагурбан Аширов «Қорқыт ата кітабы» эпосының Дрезден және Ватикан нұсқаларынан өзге тағы бір нұсқасы туралы сөз қозғады. «Қорқыт ата кітабы» эпосында түркі тайпаларына тиесілі жыр сюжеттері мен нақыл сөздері топтастырылған. Бүгінгідей заманда уақыт пен кеңістіктің қысымына төтеп берген Қорқыттың мәңгілік мұрасы барша түркі жұртының баға жетпес құндылығына айналды.
Қорқыт ата мұрасына арналған ЮНЕСКО залындағы мәдени кештегі ғылыми баяндамалардың соңы концертке жалғасты. Аталмыш іс-шараның аясында Қазақ ұлттық өнер университетінің симфониялық оркестрі Қорқыттың белгілі туындыларын орындады. Сонымен қатар, концертте Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Түркіменстан, Өзбекстаннан келген өнерпаздар Рамин Гарев, Мүрсел Синан, Жәнібек Пиязов, Эльмира Жаңабергенова, Ирфан Гүрдал, Максут Коджа, Алмагүл Назарова, Айгүл Яхшиева, Ташмурад Ковусов, Дәулеткелді Овезов сынды өнерпаздар Париж төрінде Қорқыт сарынын әуелетті. Камералық оркестр, халық аспаптар оркестрі, этнографиялық ансамбль, жеке орындаушылардың барлығы да әдемі үйлесімділіктің үлгісін көрсетті. Қорқыт атаның рухы жайлаған түркі елдерінің көзге жылы көрінетін табиғат көріністері, тарихи ескерткіштері көрініс тапқан бейнеқатарлар ұлттық музыкамен ерекше үндесіп жатты. 90 жыл уақыт бұрын қазақтың күміс көмей әншісі Әміре Қашаубаев әуелете ән салған Франция астанасында түркі өнерінің бекзат болмысы тағы да бір рет көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Концертте қобызға қосылып өнер көрсеткен Қазақ ұлттық музыка академиясының ректоры, Қазақстанның Еңбек Ері, әйгілі скрипкашы Айман Мұсақожаева көпшілік көрерменнің ерекше қолпаштауына ие болды. Осылайша, қобыздың қоңыр сазы Еуропа төрінде қазақ халқының ұлттық өнерін кеңінен танытты.