168
Атамбаевтың ақшасы дауға айналды
Атамбаевтың ақшасы дауға айналды
Қырғызстанның қазіргі экономикалық жағдайы бұрынғы жылдармен салыстырғанда анағұрлым жақсарған. Сәуір төңкерісінен бері еңсесін түзеген мемлекеттің ісі алға басқан сияқты. Бірақ таяуда Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың есепшотындағы 35 миллион доллары төңірегінде дау толастамай тұр. Жемқорлықты біржола жоюға талпынып жүрген басшының қомақты қаражат қайдан келгенін депутаттар түсіндіруін талап еткен еді. Көп ұзамай Қырғызстан президенті Бас прокурорды қабылдап, қалтасындағы қаражатының есебін берді.
Жалпы, Қазақстан мен Қырғызстан халқының тұрмыс деңгейінде алшақтық бар ма? Қазақстан – шикізатты экспорттау бойынша бюджетке пайда түсірсе, Қырғызстан жеңіл өнеркәсіп арқылы көтеріліп келеді. Әсіресе, киім-кешек пен ауылшаруашылығы өнімдерін алысқа емес, көршілес Қазақстанға өткізеді. Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың сөзімен айтсақ, екі елдің жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімінің айырмасы жер мен көктей, ал өмір сүру деңгейі бір-біріне шамалас. «Жан басына шаққандағы ЖІӨ деңгейі бойынша көрші мемлекеттердің барлығынан артта келеміз, тек Тәжікстаннан ғана алдамыз. Қазақстанға келер болсақ, біздің ЖІӨ Қазақстанмен салыстырғанда 9 есе төмен, ал бюджеттің бір адамға шаққандағы табысы – 7 есеге аз», – дейді ол.
Соңғы жылдары әлемдік сарапшылар Қырғызстан экономикасының дамуына оң баға беріп келеді. Мәселен, халықаралық институттар Қырғызстанды кедей елдер қатарынан алып тастаған. Соңғы бес жылда кедейлік 4,5 есеге кеміген. Осы орайда Алмазбек Атамбаев та: «Ең бастысы – бұдан былай біз өзімізді кедей деп атамаймыз» деген еді. Халықаралық зерттеулер мәліметіне сүйенсек, сәуір төңкерісіне дейін 2009 жылдың қорытындысы бойынша Қырғызстан ТМД елдеріндегі ең кедей мемлекет атанған. Жергілікті халықтың 32 пайызы кедейлікте күн кешсе, 1,7 миллион адамның 76 пайызы ауылды елді мекендерде өмір сүрген. Ресми деректер бойынша, жұмыссыздық деңгейі – 8 пайызды құраса, бейресми дереккөздер 14-16 пайыз деңгейін көрсетеді. Қазіргі таңда Қырғызстан бұл келеңсіздіктерді артта қалдырды.
«Бұрын республикамыз туралы жаңалықтарда жолдың жабылуы, мемлекеттік мекемелерді басып алу, газ бен жарықтың өшірілуі ғана берілетін, тіпті Қазақстанда еліміздің басты тұлғасы – Мотуев болатын. Қазір әлем мемлекеттері Қырғызстанды әділ сайлау, Көшпенділердің дүниежүзілік ойындары, саясат пен экономикадағы ғаламат реформалар арқылы таниды» деп масаттанады Атамбаев. Қырғызстан президентінің таңдаған салиқалы жолы бес жылдың ішінде сыбайлас жемқорлықты біржола тұқыртты дейді сарапшылар. Дегенмен, жақында мәлім болған 35 миллион доллар төңірегіндегі дау талайлардың көкейіне күдік ұялатты. Әсіресе, жемқорлыққа жаны қарсы Алмазбек Атамбаевтың өз есепшотындағы 35 миллион доллар 2010 жылы ғана пайда болды десті. Қырғызстанның «Ата мекен» партиясының төрағасы Өмірбек Текебаев президент есепшотында 2010 жылы пайда болған қаражаттың қайдан келгенін және 2012 жылдан бері президент әйелінің үстеме пайыз ретінде ай сайын 120 мың долларды қайдан алатынын баяндап беруін сұраған еді. Арада бір ай өткенде президент Қырғыз республикасының бас прокуроры Индира Жолдыбаеваны қабылдап, қомақты қаржының қайдан шыққанын түсіндіріп, қажетті құжаттарды қолына ұстатты. Оның айтуынша, 2003 жылы өзіне тиесілі акцияны Измирдегі өндірістік кәсіпорын қожайынына 45 миллиард түрік лирі немесе қазіргі курспен 35 миллион долларға сатқан. Бұл туралы ақпарат Түркияның тиісті бюллетенінде тіркелген. «Олай болса, бұл құжаттар Текебаев мырзаның айыптауының қауесет екенін дәлелдейді» деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметі. Қырғызстан экономикасына әлі де инвестиция қажет. Сондықтан, кез келген қаражаттың қырғыз экономикасына салынуы заңды да. Әсіресе мемлекет басшысының өз қаражатының болуы да, акциясын сатуы да күмәнді секілді. Себебі жақында ғана Ресей Қырғызстанның қарызын кешетінін жариялаған болатын. Нақтырақ айтсақ, Ресей Федерациясының премьер-министрі Дмитрий Медведев Қырғызстанның 240 миллион доллар көлеміндегі несие қарызын кешіретіні жайлы қаулыға қол қойды. «2017 жылдың 30 наурызындағы жағдайға сәйкес, қырғызстандықтар ресейлік тарапқа 240 миллион доллар қарыз... осы хаттама күшіне енгеннен бастап қырғызстандық тараптың несие қарызын өшіруге болады», – делінген хабарламада. Сондай-ақ, бұл қаулы Ресей Федерациясы Қырғызстанның дамуына ресми түрде көмек көрсету аясында қабылданғаны айтылады. Негізі, бұл бірінші кешірім емес. 2012 жылы Мәскеу мен Бішкек жалпы көлемі 500 миллион доллар көлеміндегі қарызды реттеу туралы үкіметаралық келісімге қол қойған болатын.
Қырғызстанға қол ұшын созып, көмек беруден еліміз де тыс қалған емес. Қазақстан да кезінде газ бен электр энергиясына қарызды кешіп, бауырлас мемлекетке ақшалай көмек көрсеткені де есте. 2010 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің Қырғызстанға гуманитарлық және қаржылай көмек көрсетуі жайында айтқан. «Қырғызстанға қазіргі қиындықтарды еңсеруде, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауда, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсаруына қол жеткізуде көмек көрсеткен өте маңызды. Қырғызстанға гуманитарлық та және қайтарымды негізде қаржылық көмек көрсеткен де маңызды», – деді Н. Назарбаев. Ал 2014 жылы Атамбаевқа орденмен қатар Астана 100 миллион доллар берді. Ал биыл ақпан айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Қырғызстанға көмек көрсетуді жалғастыратыны туралы мәлімдеді. Мемлекет басшысы ЕАЭО ел президенттерін «бір-біріне өзара қолдау көрсетуге» шақырды: «Атап айтар болсақ, Қырғызстанға көмек көрсету үшін нақты шаралар қабылданды. Қырғыз тауарларын Қазақстан аумағы арқылы тасымалдауда мерзімнен бұрын ішкі темір жол тарифтері ұсынылды. Бұл әріптестерімізге 60 миллион долларға жуық қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді. Қырғыз экономикасының ЕАЭО шарттарына бейімделуі үшін қаржылай көмек көрсету бойынша шешімдер қабылданды. Құжаттар ратификацияға жіберілді». Сонымен қатар Бішкекте «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы және Қырғыз Республикасының Сауда-өнеркәсіптік палатасы ұйымдастырған қазақстандық өндірушілердің сауда миссиясында екі ел арасында 11,8 миллион доллар сомасына өнім жеткізуге экспорттық келісімшарттар жасалды.
Ел қарызы сонда да көп
2017 жылғы мәлімет бойынша, Қырғызстанның қазынасындағы тапшылық 300 миллион АҚШ долларына жеткен. Ал шет елдерге 4 миллиард доллар берешегі бар. Осыған орай, мемлекеттік нысандарды жөндеу жұмыстары тоқтатылды. Шенеуніктердің қызметтік көлігіне де ақша бөлінбейді. Соның нәтижесінде бірталай қаражатын үнемдеп отыр. Бюджет қаржысы мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы мен әлеуметтік төлемдерге жұмсалды. «2017 жылы қазынада 23,3 миллиард сом тапшылық болады деп жоспарлап отырмыз. Бұл ЖІӨ-нің 4,7 пайызы. Оның орнын жабатын көздер бар. Егер биылғы тапшылық осы межеде тұрса, мемлекет жоспары бойынша біз 25,3 миллиард сом инвестиция тартамыз. Қазына қоржынының ортаюына стратегиялық маңызы бар энергетикалық нысандар, ауыл шаруашылығы, білім мен медицина және өзге де ірі жобаларға берілген несие себеп болған. Осының бәрін қаржыландыруға үкіметтің өз қаражаты жетпейді. Сондықтан шетелдік банктерден көмек сұрауға тура келді», – дейді Қырғызстанның қаржы министрі Адылбек Касымалиев. Өткен жылдың өзінде сырт елдердегі қарызын жабу үшін үкімет 21 миллиард сом жұмсаған. Дегенмен қыржыгерлердің айтуынша, сыртқы қарыз мемлекеттің жалпы ішкі өнімінің 60 пайызына жеткенде ғана қауіпті жағдай болып саналады. Қырғызстанның шет елдерге берешегі жалпы ішкі өнімнің 57 пайызын құрайды. Сондықтан Қырғызстан қаржыгерлері әзірге алаңсыз. Ал ел президенті қаражатының декларациясын қаймықпай өткізіп, өз қаржысы екенін дәлелдеп жүр.