Елисей сарайының ендігі иесі

Елисей сарайының ендігі иесі

Елисей сарайының  ендігі иесі
ашық дереккөзі
195
Алдағы бес жылда Францияны ел тарихындағы ең жас президент басқаратын болды. 39 жасар Эммануэль Макрон осыдан тура бір жыл бұрын Франсуа Олландтың қарамағындағы үкіметтің қатардағы мүшесі еді... Бір жылыңыз не, осыдан үш-төрт ай бұрын оны президент болады деген қисын күлкілі көрінетін. Ол өзінің жолы болғыш жігіт екенін дәлелдеді: Францияда соңғы жылдары саяси, экономикалық, әлеуметтік, этносаралық, қауіпсіздік, т.б. көптеген мәселелердің күрмеуі қиындап, әбден шиеленісті, ақыры түрлі оқиғалардың тоғысуының нәтижесі оңшыл да емес, солшыл да емес, тіпті бұрын ешбір сайланбалы лауазымда болмаған мьсе Макронның мерейін үстем етті. Бұл жеңіс оның өзі үшін де тосын болса керек, дауыс беру аяқталған соң, сайланған президент ретінде елдің алдына шығып сөйлеген алғашқы сөзін айтарда ол қатты қобалжыды. Көзін бір нүктеден алмай, алдын ала дайындалған мәтінді оқып тұрғандай, артық қимыл жасамастан, өзінің толқыған күйін байқатпауға барынша тырысып бақты. Әлбетте, бұл жеңіс – Макронның өзінен гөрі, оның артында тұрған топтың жеңісі, ең бастысы, оның басты қарсыласы Ле Пенге қарсы дауыс бергендердің еңбегі.

«Сіздің жеңісіңіз – Еуропаның жеңісі»

Макрон қалай президент болды? Бұл сұраққа жауап іздеу – тек Франциядағы емес, тұтас Еуропадағы саяси көңіл ауанын аңдауға жол ашады. Германия канцлері Ангела Меркель 7 мамыр күнгі сайлау аяқтала салысымен, сол кеште-ақ Макронға хабарласып, «Сіздің жеңісіңіз – Еуропаның жеңісі» деуі тегін емес қой? Тіпті, Франсуа Олландтың өзі қуанышын жасырмай, «Бұл сайлау – біздің бірлігіміздің жеңісі» деді. Мұхиттың ар жағынан экс-президент Барак Обама сәлем жолдап, француздарды Эммануэль Макронға дауыс беруге үндегені тағы бар. Мұның бәрі Эммануэль Макрон мен Марин Ле Пеннің жекпе-жегі жүзеге асқан екінші турдың қаншалықты маңызы болғанын айғақтайды. Расында, Брексит референдумынан оңбай соққы алған Еуропа Одағы Франциядағы дәл осы сайлаудың нәтижесіне қатты алаңдады. Себебі егер Макрон емес, Ле Пен басымдыққа ие болса, онда француздар «Брюссельден тәуелсіздік аламыз» деп Фрексит ұйымдастыруы әбден ықтимал еді. Ұлттық майданның көшбасшысы Ле Пеннің сайлау алдындағы басты уәделерінің бірі осы еді. Ал Эммануэль Макрон болса, керісінше, Еуропа Одағын күшейтіп, еуроны нығайтуды қолдайтынын баса айтты. Бұдан соң, еуропалық көшбасшылардың бір кісідей Макронның тілеуін тілегені заңды еді. Ал қарапайым француздар бұл жолы таңдау жасағанда, олардың шешімі Макронды қолдаудан гөрі Ле Пенді жақтырмаудан туғаны байқалды. Мұны Ле Пеннің сайлауалды штаб мүшелері де растайды. Екінші турда Макрон 66 пайыз, ал Ле Пен 34 пайыз дауысқа ие болды, Ле Пеннің көмекшісі сайлаудан соң «66 пайыздың 40 пайызы ғана Макронның сайлауалды бағдарламасын қолдайды, қалғаны біздің үміткерге қарсы сайлаушылардың үлесінде» деп ашық айтты. Ендеше, Ле Пеннің командасы Макронды өз қолдарымен Елисей сарайына енгізгендерін мойындайды. Дәл осыған ұқсас жағдай 2002 жылы болған. Әсіре арандатушы ұрандарды жалаулатқан Жан-Мари Ле Пеннен сескенген француздар сайлаудың екінші турында жаппай Жак-Ширакқа дауыс берді. Ширактың жемқорлыққа белшесінен батқаны туралы айғақтарды біле тұра, оны қанша жақтырмаса да, солай таңдау жасауға мәжбүр болған. Бұл жолы да екінші Ле Пеннің жолын кесу үшін сайлаушылар топ-тобымен Макронға дауыс берді. Әлбетте, Макронның өз артықшылықтары бар. Жак Ширак сияқты емес, ол бұған дейін қаржылық жанжалдарға басы шатылмаған, саяси өмірбаяны «таза» саясаткер. Оның үстіне, ұстанымы – оңшылға да, солшылға да жатпайды, қазіргі жағдайда «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай» әрекет етуге қабілетті саясаткерге ұқсайды.

«Жолы болар жігіттің...»

Сайлаудың көрігі қызған тұста Республикалық партиядан үміткер Франсуа Фийон мен Социалистік партияның үміткері Бенуа Амон қаржылық дау-жанжалға ұрынды. Бірінші турға дейін жасалған болжамда Франсуа Фийонның президент болу ықтималдығы өте жоғары делінетін. Бірақ оның әйелі мен ұлдарына мемлекеттік қазынадан заңсыз ақша төлеткені әшкере болып, бұл саясаткер өзінің жылдар бойы жинаған абыройынан бір-ақ күнде айырылып қалды. Осы оқиғалар Эммануэль Макрон үшін билік шыңына жол ашты. 20 сәуір күні Барак Обама Эммануэль Макронға хабарласып, сайлаудың бірінші турында сәттілік тілеген болатын. Ал Макрон болса: «Мен қолымнан келгеннің бәрін жасаймын, маған сеніңіз. Соңғы сәтке дейін күресемін. Біз ұдайы байланыста боламыз, егер мен екінші турға өтетін болсам, одан әрі қалай жұмыс істейтінімізді шешу үшін біздің командаларымыз өзара хабар алмасып тұрады» деп жауап берген. Бұл әңгіменің таспаға жазылған нұсқасын Макронның өзі «Твиттерде» жариялады. Осылайша, оның Б.Обамадан ақыл-кеңес алып отырғаны мәлім болды. Рас, Макронға Обама да, еуропалық көшбасшылар ашықтан-ашық қолдау білдірді. Ал Марин Ле Пеннің жақында ғана Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуі оның сүйеніші кім екендігінен хабар береді. Сайлау кезінде Макронның штабы Ресей тарапынан кибер шабуылға ұшырағаны туралы көптеген шағым түсірген. Бұл – Макронды қаралап, Ле Пеннің мерейін үстем ету үшін Кремль ұйымдастырған науқан деген жорамал тарады. Былтырғы америкалық сайлаудың кезінде кибер шабуылдардың ықпал-әсері қандай болғанын еске түсірсек, Франциядағы сайлау науқанына сырт күштер араласты дегенге таң қалуға болмайды. Дәрігерлер отбасынан шыққан Макрон мемлекеттік қызметке келгенге дейін Ротшильдердің иелігіндегі банкте жұмыс істеп үлгерген. Сондықтан қарсыластарының оған «элитаның өкілі» деп айдар тағуында мән бар. Шамасы, жас әрі тәжірибесіз шенеуніктің аяқ астынан саяси қозғалыс құрып, ең жоғары лауазымға сайлануға ұмтылуын сезікті санайды. Расында да, Макронның жас шенеуніктен аз уақыттың ішінде Францияның ең жас президентіне айналып шыға келуін оның «жолы болғыштығына» жатқызудан басқа амал жоқ. Ал ол туралы сыпсың сөздердің рас-өтірігін оның алдағы іс-әрекеті айқындайды.

Ерді сөзінен емес, ісінен таныған жөн

2016 жылдың сәуір айында, яғни әлі экономика министрі қызметін атқарып жүргенде, Макрон «Алға!» деп аталатын жаңа қозғалыс құрды. Францияда көп жылдар бойы алма-кезек билік құрып келген екі ірі партия басты үміткерлерін анықтай алмай жатқанда, Макрон осылайша өз бетінше тыңнан түрен тартты. BBC ақпарат көзіне жүгінсек, ол 2008 жылы Барак Обаманы жеңіске жеткізген әдісті қолданған. Яғни, мыңдаған еріктілерді жалдап, оларды Францияның ең маңызды аймақтарына іссапарға аттандырып, 300 000 отбасы мүшелерімен сұхбат ұйымдастырған. Әрқайсысы он бес минуттық 25 000 сұхбаттың нәтижесінде Макронның командасы қарапайым халықтың мұқтаждығы не екенін, оның не ойлап, нені көксейтінін анықтады, бұл деректердің бәрі бір орталыққа жинақталып, сұрыпталып, сараптамадан өткен соң, Макрон мұны сайлауалды бағдарламасында пайдаланды. Басқаша айтқанда, Макрон француздардың көбісінің көкейін тескен ойды дөп баса алды деуге болар. Әйтсе де, Макронды қолдаушылар қатарында табысы тұрақты, білімі жоғары топтың саны басым, мысалы, Париж, Леон, Марсель сияқты ірі қалалар оған жүз пайыз дауыс берген. Соңғы жылдары, әсіресе, социалист Франсуа Олланд осыдан бес жыл бұрынғы жарқын үмітті ақтамаған соң, француз қоғамының саяси билікке деген өкпе-реніші арта түскен. Олландтың екінші рет сайлануға жүрегі дауаламағаны да содан. Қарапайым француздардың Олландтан да, оған дейінгі көзі тірі президенттер мен әлі қуаты қайтпаған премьер-министрлер мен қатардағы шенеуніктерден де әбден көңілі қалды. Ресми деректерді келтірсек, қазіргі таңда Францияда 9 миллион адам кедейлер санатына қосылған, бұл дегеніңіз халықтың 14 пайызы. Бұған қоса, ірі қалалар мен аймақтардың әлеуметтік-экономикалық ахуалындағы айырмашылық жер мен көктей. Қоғам мен билікке наразылардың басым бөлігі – қалалардан шалғай жатқан елді мекен тұрғындары. Жылдан жылға күнкөрістің қиындап, ұлттық экономиканың тығырыққа тірелуі халықтың наразылығын үдете түсті. Бұл аз болғандай, бүгінгі француз қоғамында біртұтастық жоқ. Мұның бір себебі этностық әркелкілік болса, екінші себебі діни наным-сенімге тіреледі. Мысалы, кешегі өткен сайлауда арғы тегі Алжирден шыққан жергілікті азаматтар дауыс беруден қалыс қалған, тіпті оларды ешкім іздемегені белгілі болды. 2011 жылғы дерек бойынша, осы елдің азаматтығын алған келімсектердің саны 3 миллионға жеткен. Азаматтық құқық қорғау ұйымдарының айтуынша, қара нәсілді жастарды жергілікті полиция қызметкерлері басқа жастарға қарағанда көшеде жиі тоқтатып, ұдайы тексеруге алады. Мұндай оқиғалардың азшылық топтардың намысына тиетіні ашық айтыла бастады. Францияда қазіргі таңда 4-5 миллионнан аса мұсылман тұрады деген дерек бар. Мұны елдің ішкі істер министрлігі растайды. Яғни, мұсылман тұрғындар жалпы халықтың 8 пайызына жуықтады, мысалы, 2004 жылғы әлеуметтік зерттеулер тұрғындардың 5 пайызы өздерін мұсылман санайтынын дәйектейтін. Иммигранттардың арасында туу көрсеткішінің өте жоғары болуы жергілікті мұсылман қауымының көбеюіне басты себеп. Франция – өз тарихында католиктер мен протестанттардың арасындағы адам қаны судай аққан бітіспес соғыстарды көрген ел. Әйтсе де, бүгінде ол – діни негіздегі қақтығыстарды артқа тастаған зайырлы қоғам. Бірақ тым тез көбейіп келе жатқан мұсылман тұрғындармен тұрмыстық, әлеуметтік, мәдени қайшылықтарын реттей алмай келеді. Бір жағынан, дәстүрі христиан дінімен біте қайнасқан сана-сезім бұра тартып, екінші жағынан, адам құқығы мен бостандықтарын ту еткен еуропалық құндылық атойлап, өзара қайшылыққа ұрындырған тәрізді. Мемлекет діни сенім-наным еркіндігін жақтаса да, көшеде пәренжі киюге заңмен тыйым салатын шешім шығаруы соның көрінісі. Мұның соңы не болар – уақыт бәрімізді куәгер етеді. Француздардың қазіргі жағдайға деген наразылығы мен билікке деген ашу-ызасын жақсы түсінген Эммануэль Макрон қоғамды жаңа үмітке жетелейтін сияқты. Оның «Алға!» деген қозғалыс құруының және «Ensemble, la France!» («Бірге, Франция!») деп ұрандатуының мәні сонда. Өзі жас және саясатта соны сүрлеу салуға ұмтылған Макрон француздардың түйілген қабақтарын жазуы бек мүмкін. Бұл үшін ол сайлау алдында берген уәделерін артығымен орындауы тиіс. Макрон бұған дейін өзін еуропашыл және жаһандануды қолдайтын саясаткер ретінде көрсетті. Ол Ангела Меркельдің миграциялық саясатын жақтайды, бұл туралы: «Меркель мен Германия басына күн туған мигранттарды құшақ жайып қарсы алып, біздің абыройымызды сақтап қалды» деп мәлімдеме жасаған. Сондықтан ол мигранттарды француз қоғамына сіңіруге барынша күш салатыны анық. Ал Ұлттық фронттың үміткері Ле Пеннің миграцияға қарсы, жаһандануға қарсы мәлімдемелері оны азшылықты, яғни нәсілі басқа, тегі бөтен топтарды шеттетеді деп айыптауға азық болған еді. Шындығында, ата-тегі басқа, бірақ ендігі Франция азаматы саналатын топтардың қарасы қалыңдаған сайын, олардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуы ұлттық мәселеге айналатын түрі бар. Кеше колония ретінде ұстаған халықтардың ұрпағын енді өз жерінде паналатып, Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс елдерінен қашқан босқындарды бауырына басқан француз қоғамы келімсектерді әлі бойына сіңіре алмай отыр. Шамасы, бұл бес-он жылдың емес, «елу жылда – ел жаңа» демекші, ұзаққа созылатын процесс.

Брижит! Брижит!

«Әрбір мықты ер-азаматтың ең мықты тірегі – әйелі» деген тұжырымды Макрон іс жүзінде дәлелдеді. Ол президент болып сайлана салысымен, әйелі екеуінің қол ұстасып, ел алдына шығуы сол-ақ екен, жиналған халық: «Брижит, Брижит!» деп шулап, қошемет көрсетті. Күйеуінен 24 жас үлкен Брижит бұдан былай – Францияның бірінші ханымы. Осылайша, 39 жастағы президент 64 жастағы әйелін анау-мынау емес, Елисей сарайына кіргізді. Брижит ханымның бақытына қызығатын да, сүйсінетін де әйелдер көп, шамасы. Бірақ кімнің кімге ақжолтай екенін ажырату қиын. Әйтеуір, екеуінің «ерекше отбасы» екені Макронның бәсін арттырмаса, абыройын кеміте алған жоқ.  width= Брижит өз күйеуін он бес жастағы бозбала кезінен танитынын айтады. Сол кездің өзінде Эммануэль оған өте ақылды, қатарластарынан ересек көрінген. Сонда да Брижит балаң жігіттің махаббатын менсінбей, Ардре Озьер деген адамға күйеуге шығып кетеді. Одан үш перзент көрген соң, ажырасады. Ал Эммануэль болса, он жеті жасқа толғанда берген, «Мен түбі саған үйленемін» деген уәдесін он жылдан соң орындап, 2007 жылы Брижитпен неке қидырып, заңды отбасын құрған. Содан бері өзімен құрдас үш балаға әке болып, олардан туған жеті немере-жиенге ата болып жүрген жайы бар. Өз кіндігінен ұрпақ тарамағанына қынжылатын сыңай танытпайды. Брижиттің балалары да Эммануэльді жатырқамай, онымен достасып кеткен екен. Кешегі сайлау науқанында олар Макронға қолдарынан келгенше қолдау көрсетті. Мысалы, Лоуренс бір кезде Эммануэльмен бірге бір сыныпта оқыған екен, ол Парижде өткен шеруде белсенділігімен көзге түсті, ал 32 жасар Тиффани сайлау науқаны кезінде заңгер ретінде жұмыс істеген. Макронның шешесі жасы өзімен қатар Брижитті келін деп емес, құрбы деп санайды. Жексенбі күнгі кеште сайлаудағы жеңіске арналған шара кезінде олардың бәрі Эммануэльмен бірге сахнаға шығып, тату отбасы екендіктерін әлемге әйгіледі. Макрон өзінің әйелін қатты құрметтейтінін жасырмайды. Ол сайлауға дейін берген бір сұхбатында былай деген: «Егер сайлауда мен жеңіске жетер болсам, кешіріңіз, егер біз жеңіске жетер болсақ, ол (Брижит – ред.) Елисей сарайында менің жанымда болады және оның өз орны, атқаратын жұмысы болады». Брижит былтырға дейін мұғалімдік қызметте болған тәжірибелі ұстаз, ол бірінші ханым ретінде білім-ғылым мәселелеріндегі мемлекеттік саясатты жүргізуге ықпал етуі кәдік. Сондай-ақ Макронның әйелдер ісі жөніндегі саяси көзқарасында Брижиттің қолтаңбасы болуы мүмкін деседі. Рас, Ле Пен сияқты қарсыластары ерлі-зайыптыларды тілмен түйреп қалуға тырысты-ақ. Марин ханым жарыссөз кезінде оған: «Мьсе Макрон, шамасы сіз менімен ұстаз бен оның шәкірті делінетін ойын ойнағыңыз келеді... бірақ, ғафу етіңіз, бұл роль маған лайық емес» деп мысқылдады. Макрон мұндай әжуаға барынша сабыр танытса, Брижит ханым мысқылға мысқылмен жауап беруден қашпайды. Ол бір сөзінде: «Ол (Эммануэль – ред.) сайлауға 2017 жылы түсуге тиіс болды, себебі 2022 жылға қарай менің бетім тым қартайып кетеді ғой» деген. Осылайша, елден ерек ерлі-зайыптылар Еуропадағы екінші ірі экономиканың тізгінін қолына алды. P.S. Бұл сайлауда тағы тауы шағылған Ле Пен саяси билік үшін күресін одан әрі жалғастыра бермек. Ол оппозицияның басын біріктіріп, басқа партияларды өз қанатының астына алып, Ұлттық майданды жаңа ұйымға айналдырмақшы. Бірақ Ұлттық майданның аты өзгергенімен, заты сол күйі қалатын сияқты. Енді маусым айында бұл елде парламент сайлауы өтеді. Осы сайлауда Эммануэль Макрон ел президенті ретінде өзі басқаратын «Алға!» қозғалысының басым дауысқа ие болып, үкімет құрауға өкілеттік алуына күш салуы тиіс. Әйтпесе, оған басқа партиялармен бірге коалициялық үкімет құруға тура келеді. Ал коалициялық «одақтас» Республикалық партия бола ма, әлде Социалистік партия бола ма, немесе Ле Пен басқаратын жаңа партия бола ма – қайсысы болса да, бітпес дау, ымырасыз келіссөздерге ұрындыруы әбден мүмкін. Сондықтан Эммануэль Макронның президенттігінің сәтті болуы алдағы парламент сайлауының нәтижесіне байланысты. Франсуа Олландтың тәжірибесі анық көрсетіп бергеніндей, президент атану әсте оңай емес, бірақ президенттікті абыроймен атқару одан да қиын.

Серіктес жаңалықтары