Бейбіт бір келісім – жүз жеңістен артық

Бейбіт бір келісім – жүз жеңістен артық

Бейбіт бір келісім – жүз жеңістен артық
ашық дереккөзі
209
Өткен апта Қазақстанның сыртқы саясаты үшін жемісті апта болды. Астана үшін ғана емес, Таяу Шығыстағы саяси ахуалды реттеуге, Сириядағы қантөгіс соғысты тоқтатуға жасалған маңызды қадам деуге лайық. Себебі 3-4 мамырда Астанада Сирия мәселесіне қатысты келіссөздердің төртінші раунды өткен болатын. Жыл басында, 23-24 қаңтарда тұсауы кесілген Астана алаңқайының халықаралық маңызы соңғы айларда арта түсті. Ресей, Түркия мен Иран мұрындық болған Астана келіссөздері Сириядағы Башар Асад үкіметі мен оппозициялық топтарды ымыраға келтіруде айтарлықтай маңызды шешім қабылдады. Бұл үш ел – Сириядағы әскери қимылдарды тоқтатуға кепіл мемлекеттер. Олардан бөлек, бұл келіссөздерге Сирия үкіметі мен оппозиция өкілдері және бақылаушы ретінде АҚШ пен Иордания қатысты. Астаналық келіссөздердің екінші раунды 15-16 ақпанда өтсе, 14-15 наурызда үшінші келіссөздер ұйымдастырылған болатын. Төртінші келіссөздерге қатысушы тараптардың төрт көзі түгел келді. Оның ішінде, Ресей президентінің арнайы өкілі Александр Лаврентьев, Түркия сыртқы істер министрінің Таяу Шығыс және Африка бойынша орынбасары Седат Онал, Иран сыртқы істер министрінің Араб-Африка істері жөніндегі орынбасары Хосейн Джабери Ансари қатысты. Иордания сыртқы істер министрінің кеңесшісі Науаф Уасфи Телль арнайы келген. Кей дерек көзіне қарағанда, Иордания жақын арада Сириядағы әскери қимылдарды тоқтатуға кепіл мемлекеттер қатарына қосылуы мүмкін. Сирия ресми үкіметінің делегациясын БҰҰ-ның Сириядағы тұрақты өкілі Башар Джаафари, ал  Сирия оппозициясының делегациясын «Джейш әл-Ислам» ұйымының басшысы Мұхаммед Аллуш бастап келді. БҰҰ тарапынан Бас хатшының Сирия мәселелері жөніндегі арнайы елшісі Стаффан де Мистура келіп қатысты. Бұл жолы АҚШ-тың өкілі арнайы шақырылды. Шақыртуды қабыл алған АҚШ Мемлекеттік хатшысының Таяу Шығыс бойынша көмекшісінің міндетін атқарушы Стюарт Джонс арнайы келді. Бұл Астана келіссөздеріне АҚШ-тың белсене араласа бастағанын аңғартады. Естеріңізде болса, қаңтар айында Астана алаңқайы енді ашылған тұста АҚШ өзінің Қазақс­тан­дағы елшісі Джордж Кролды тыңдарман ретінде жіберіп, сырттай бақылаушы рөлінен аспаған еді. Ақ үйдің жаңа басшысы сыртқы саясаттағы басым бағыттарын анықтаған соң, Астана алаңқайының Сирия тағдырын шешудегі ықпалын мойындауға ойысқан сыңайлы. Астана келіссөздерінің қарсаңында Ресей президенті Владимир Путиннің қауіпсіз аймақтар құру туралы мәселені АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы ақылдасқаны мәлім болды. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақовтың айтуынша, келіссөздер 3 мамыр күні түс кезінде басталған. Екі күннің ішінде осы делегациялар арасында көптеген екіжақты, үшжақты кездесулер өтті, ақыры бейсенбі күні түстен кейін барлық делегациялар пленарлық отырысқа жиналды. Бұған дейін бірнеше жыл қатарынан Женевада БҰҰ аясында өткен келіссөздер екі тарапты бітістірмек тұрмақ, бір үстелдің басына отырғызып, жауаптастыра алмаған. Әрине, алты жылдан бері азаматтық соғыс өртіне шалдыққан, түрлі мемлекеттердің мүддесі тоғысқан мемлекеттің бір-біріне оқ атқан азаматтарын ортақ ұстанымға шақырып, келелі кеңес құруға үгіттеу оңай шаруа емес. Бұған дейінгі, яғни наурыз айында өткен келіссөздерге сириялық оппозиция өкілдері келмей қалып, шара кейінге қалдырылған еді. Осыдан-ақ Астана алаңқайының температурасы экстремалды көрсеткіштерге жақын екенін аңдауға болады. Ақыры, екі күндік келіссөздердің қорытындысында Сирияда төрт бірдей қауіпсіздік аймағын құру туралы меморандумға қол қойылды. Соңғы бес айдағы сансыз телефон қоңыраулары мен жеделхаттардың, ауызша және жазбаша кеңестердің, тынымсыз дипломатиялық жұмыстың нақты жемісі – осы. Меморандум 6 мамырдан бастап күшіне енді. Айтылған төрт қауіпсіз аймақта атыс-шабыс тоқтатылып қана қоймай, олардың шекарасы айқындалған соң, арнайы бақылау-өткізу бекеттері орнатылады. Осы бекеттер арқылы бейбіт тұрғындар  мен гуманитарлық көмек тасымалдаушыларды өткізу жоспарланып отыр. Бұл аймақтар Идлиб пен оған көршілес жатқан жерлерді, Хомстың солтүстігіндегі аудандарды, Шығыс Гута мен Оңтүстік Сирияның бір бөлігін қамтиды. Межелі жерлерде әскери ұшақтардың ұшуына және қандай да бір әскери іс-қимыл жасауға қатаң тыйым салынды. Мамыр айының соңына қарай бұл аймақтардың нақты картасы сызылып, жариялануы тиіс. Әзірге белгілі болғандай, бұл меморандум алты айға дейін күшінде болады, қажет болған жағдайда одан әрі тағы жарты жылға созылуы мүмкін. Ресми Дамаск бұл келісімді қолдайтынын мәлімдеген. «Біз сириялықтардың бейбіт тірлікке көшуіне көмектесетін кез келген бастаманы қолдаймыз. Сирия Ресейдің қауіпсіздік аймақтарын құру жөніндегі бастамасын қолдайды, 30 желтоқсанда қабылданған атыс-шабысты тоқтату туралы келісімді орындауға дайын екенімізді білдіреміз», – деді Башар Джаафари. Ал оппозициялық топ өкілдері меморандум туралы ашық мәлімдеме жасаған жоқ. Олардың айтуынша, бейбіт бітім туралы келісім Сирияның тұтас аймағын қамтуы тиіс. Меморандумға  қол қою сәтінде олардың кейбірінің: «Иран – қылмыскер, оған кепіл мемлекеттер арасында орын жоқ!» деп айғай салуы аздаған әбігер тудырғанымен, құжаттың қабылдануына кедергі болған жоқ. Кейбірі залды тастап шығып кетсе де, оппозициялық делегация мүшелерінің басым бөлігі келіссөз үстелінің басында қалып, құжаттың қабылдануына куә болды. Бұдан бөлек, Астана келіссөздері барысында қарсылас тараптардың тұтқын алмасу, әскери қимылдарды тоқтату туралы келісімді бұзу әрекеттеріне шара қолдану сияқты мәселелер талқыланған. Сондай-ақ, 4 сәуірде Хан-Шейхунда болған химиялық шабуылдың анық-қанығын анықтау мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. БҰҰ Бас хатшысының арнайы елшісі Стаффан де Мистура Астанада америкалық делегациямен кеңесіп, сириялық оппозиция өкілдерімен кездескен еді. Осыдан соң ол Астана келіссөздері жайында жылы лебіз білдірді. «Алға ілгерілеу бар» деді ол. 9 мамыр күні Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесіп, Астана келіссөздеріне жоғары баға берді. Мэй ханым бұл келіссөздердің маңызын атап өтіп, оның Сириядағы ірі саяси өзгерістерді талқылағанына мән берді. Қазақстан Сирия мәселесінің бейбіт түрде дипломатиялық жолмен шешілуіне барынша атсалысып келеді. Бес айдың ішінде төрт бірдей келіссөз өткізіп, оқ атылмайтын қауіпсіз аймақтар құру туралы шешім қабылдауға жағдай жасау – осы ниеттің іс жүзінде орындалуының айқын көрінісі. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің дерегіне қарағанда, Астана алаңқайындағы келесі келіссөздер маусым айында өтеді деп жоспарланып отыр.    

Серіктес жаңалықтары