238
Балалар зардап шеккен жол апаттарының 70 пайызына жүргізушілер кінәлі
Балалар зардап шеккен жол апаттарының 70 пайызына жүргізушілер кінәлі
Жыл басынан бері елордада балалар зардап шеккен жол апаттарының 70 пайызына жүргізушілер кінәлі болған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» Астана қалалық ІІД-ге сілтеме жасап.
Балалардың жол бойында жарақат алуының алдын алу мақсатында және жазғы демалыстар қарсаңында 1 мамыр - 1 маусым аралығында Астанада «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» атты кең ауқымды республикалық акция өткізіле бастады. Шара барысында полиция қызметкерлері жас қозғалыс инспекторларымен бірге мектеп оқушыларына жарыққа шағылысатын білезіктер табыстайды. Астана қаласы әкімдігінің «Балалар үйі» МКК және «Кәмелет жасқа толмағандарды бейімдеу орталығы» МКК-нің 60-қа жуық тәрбиеленушісі «Қала жолдарындағы оқиға» спектаклін тамашалай алады.
Сондай-ақ, автобустар мен аялдамарға жүргізушілерді жол ережелерін сақтауға шақыратын балалардың салған суреттері ілінеді. Одан бөлек, қоғамдық көлік салондарындағы телеэкрандар мен қалалық кинотеатрлардан Жолда жүру ережесі туралы әлеуметтік роликтер көрсетіледі.
«Астана қаласының ІІД Жергілікті полиция қызметі жол-көлік жарақаттарының алдын алуға бағытталған шараларды тұрақты түрде жүргізіп тұрады. Мақсатты жұмыс нәтижесінде 2017 жылдың алғашқы 4 айында елордадағы жол-көлік оқиғаларының саны 28,6 пайызға азайды, оның ішінде жол апатынан қаза тапқандар саны - 9 пайызға, жарақат алғандар 23 пайызға төмендеген. Кәмелет жасқа толмаған балалардың қатысуымен болатын жол апаттары 20 пайызға, зардап шеккен балалар саны 16 пайызға азайды, қаза тапқандар жоқ», - делінген ІІД-нің таратқан хабарламасында.
Жүргізілген шараларға қарамастан, жол-көлік жарақаттары мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Жыл басынан бері Астанада балалардың қатысуымен болған жол апаттарының 70 пайызына жүргізушілер кінәлі болған, зардап шеккен балалар автокөлікте жолаушы ретінде отырған.
2017 жыл басталғалы Астанада 5 мыңға жуық жаяу жүргінші рұқсат етілмеген жерде жолды кесіп өткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.