Киелі жерлерді үшін ғалымдар экспедицияға шығады

Киелі жерлерді үшін ғалымдар экспедицияға шығады

Киелі жерлерді үшін ғалымдар экспедицияға шығады
ашық дереккөзі
293
Қазақстанның киелі жерлерін зерттеу үшін ғалымдар жыл соңына дейін еліміздің 4 өңіріне экспедицияға аттанады. Бұл туралы Тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжанов «ҚазАқпарат» ХАА тілшісімен бөліскен екен. Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көтерілген міндеттерді жүзеге асыру бойынша Ұлттық комиссия жасақталып, оның алғашқы отырысы өткен болатын. Оның барысында құрылған жұмыс топтарының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына Тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжанов жетекші ретінде бекітілді. Институт директорының айтуынша, Қазақстанның киелі жерлерін зерттеу, оны қағазға түсіру бұрыннан ғалымдар тарапынан жүзеге асырылып келеді. Ал Елбасының мақаласынан кейін бұл жұмысқа одан да жүйелі, тұрақты сипат берілетін болды. «Бұрынғы атқарылған жұмыстардың нәтижесі мен тәжірибелерді ескеріп, енді осы қасиетті жерлердің мемлекеттік тізімін жасасақ деген ой бар. Бұл жергілікті басқару органдарына да, ғалымдарға да, мамандарға да бағыт-бағдар беретін болады. Осы бағытта жұмысты 4 кезеңге бөліп қарауға болады. Біріншіден, киелі жерлер туралы анығын білу керек. Олардың саны, қайда орналасқаны туралы ақпаратты жүйелеу қажет. Екіншіден, тізім жасалған соң Қазақстанның барлық аймағына экспедиция жасасақ деген ой бар. Олардың жай-күйі қандай, қирап жатыр ма, реставрацияны талап ете ме, соны анықтауымыз керек. Егер қаражат мәселесі шешілсе, жыл соңына дейін кем дегенде Қазақстанның 4 өңіріне экспедиция ұйымдастырылады. Бұған жергілікті басқару органдары, өлкетанушылар, мамандар да тартылады. Үшіншіден, осы әулиелі жерлерге байланысты ғылыми әдебиетті, аңыз әпсаналарды жинап соны қағазға түсіріп, қолдан келсе телематериал жинап, қалың көпшілікке жеткізу маңызды болып отыр. Төртіншіден, осы мәселемен айналысатын мамандарды анықтап, олардың корпусын жасақтау керек. Осынша жұмыс нәтижесінде жыл аяғына қарай Қазақтанның 5 өңіріндегі қасиетті жерлердің суреті, сызбасы, аңыздары жарияланған 2-3 кітап жарыққа шығарсақ деген ой бар. Енді, бұл жоспар ғана. Ол жүзеге асу үшін қаражат керек. Қаражат болады деген үмітіміз бар», - дейді Хангелді Әбжанов. Институт директорының атап өтуінше, өңірлерді аралаған экспедиция халыққа беймәлім жерлерді ашып береді деп күту соншалықты дұрыс емес. «Расында мүлде беймағлұм жердерді таба алмаймыз. Өйткені киелі жерлер сол өңірдің адамдарына таныс. Оны басқа адамдар білмеуі мүмкін. Біз «екінші Бекет атаны», «басқа Айша бибіні» ашпаймыз. Бірақ назардан тыс қалып келе жатқан, өткенімізде, тарихымызда, мәдениетімізде орны бар жерлер қалың көпшілікке таныла түсетіні сөзсіз», - дейді Хангелді Әбжанов.

Серіктес жаңалықтары