Қазақстан футболына қандай стадиондар қажет?

Қазақстан футболына қандай стадиондар қажет?

Қазақстан футболына қандай стадиондар қажет?
ашық дереккөзі
552
Қызылордада Ғани Мұратбаев атындағы Орталық стадионның қосалқы алаңы толық күрделі жөндеуден өтіп, жақында пайдалануға берілді. Сиымдылығы 1300 адам. Ал «Қайсар» – «Ақтөбе» кездесуіне ресми түрде 2 мың көрермен жиналғанын ескерсек, көпшілігінің ойынды тік тұрып тамашалағанын болжау қиын емес. Жалпы, Қазақстан футболына қандай стадиондар қажет? Әне-міне дегенше, Премьер-лиганың алғашқы айналымы да аяқталып, мамырдың бірінші ширегі де артта қалып барады. Бірақ, жасыл алаң мәселесі әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Өз алаңындағы ойындарын қосалқы алаңдарында өткізіп жүрген командалар әлі де баршылық. Ал еурокубок ойындары жақындап қалды. Енді бір айдан кейін «Астана» Чемпиондар лигасында, ал «Қайрат», «Ертіс» және «Ордабасы» Еуропа лигасының іріктеу кезеңіне қатысады. Жарайды, елордалықтар мен алматылықтардың ахуалы белгілі. Олардың ареналары халықаралық ірі матчтарды қабылдай алады. Стадиондары УЕФА талаптарына сай. Дегенмен, Павлодар мен Шымкент стадиондары ше? Иә, олардың да стадиондарында іріктеу кезеңдерінің ойындарын өткізуге болады. Ары қарай топтық кезеңге өтуге «Ертіс» пен «Ордабасының» шамалары да жете қоймас. Жалпы, елімізде сиымдылығы 10 мың адамнан асатын 11 стадион бар екен. Оның жетеуінде Премьер-лига ойындары өтеді. Қалған төртеуінде Бірінші лига командалары доп теуіп жүр. Яғни, «Атырау», «Ақжайық», «Тобыл», «Қайсар» және «Оқжетпес» қонақтарын сиымдылығы 10 мың адамға жетпейтін стадиондарда қабылдап жүр. Атыраудағы «Мұнайшыға» 8 900, Оралдағы Петр Алоян атындағы стадионға 8 320, Қызылордадағы Ғани Мұратбаев атындағы стадионға 7 000, ал Көкшетаудағы «Оқжетпеске» бар болғаны 4158 көрермен сияды. Осылайша басты сұрағымыздың жауабы өздігінен табылған сияқты. Қазақстан Премьер-лигасының ойындарын әр қалада тұрақты түрде 3-5 мың көрермен тамашалап тұрады. Еурокубок ойындары дейсіз бе? «Астана» мен «Қайрат» болмаса, алдағы он жылда басқа клубтарымыз Чемпиондар немесе Еуропа лигасының топтық кезеңіне асықпайтын сияқты. Ал іріктеу кезеңдерін қазіргі алаңдарында-ақ қабылдай беруге болады. Ендеше әр өңірден орасан қаржыны талап етпейтін 7 мыңдық шағын стадиондар салып тастауға не кедергі? Айтпақшы, орайы келгенде айта кетейік, аса көзімізге іле бермейтін көршілеріміз Түркіменстанда 5 мыңдық шағын ареналарды айтпағанда, 2009 жылдан бері 10 мың көрерменнен асатын су жаңа бес стадион салып тастапты. Үлгі алуымыз керек-ақ...

Серіктес жаңалықтары