285
Елімізде тиімсіз субсидиялар алынып тасталды
Елімізде тиімсіз субсидиялар алынып тасталды
Елімізде кооперацияны дамыту мақсатында бірқатар шаралар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, субсидия беруге өзгерістер енгізілді және кооперация мүшелеріне жеңілдік жасалды.
Ауылшаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов аграрлық кеңесте кооперацияны дамыту үшін субсидия берудің ережелеріне өзгеріс енгізілгенін айтты. Мемлекеттік қолдау бойынша жаңа Мемлекеттік бағдарлама аясында 8 субсидиялардың ережелері қайта қаралған. Сондай-ақ 11 тиімсіз субсидия алынып тасталынып, 39 субсидия түріне өзгеріс енгізілген. Министрдің айтуынша, биылдан бастап мемлекеттік қолдау көрсету 7,5 есеге ұлғаймақ. Оның ішінде, бордақылау алаңдары үш есеге көбеймек. Мәселен, әр асыл тұқымды ірі қара мал басын сатып алғанда қайтарымсыз 150 мың теңге беріледі. Ал бұған дейінгі ережеде асыл тұқымға да, шаруа малға да бірдей қаржы төленіп келген.
Ал кооперация мүшелерінеқарастырылған арнайы жеңілдіктер бар. Кооперацияға сатылатын 1 бас ірі қара үшін мемлекет қайтарымсыз 20 мың теңге төлемек. Сондай-ақ, 1 литр сүтке 10 теңге, бір уақ малға 1500 теңге қаржы бөлінеді. Бұдан бөлек кооперацияға алынатын жемнің әр тоннасына 20 мың теңге төлеу көзделген. Алайда бұл кооперацияға бірікпегендер мемлекеттік қолдаудан қалыс қалады деген сөз емес. 30 бас ірі қарадан жоғары малы бар шаруашылық қожайындары да әр литр сүтін 15 теңгеден, ал 400 бастан жоғары шаруалар әр литрін 25 теңгеден субсидияланады.
Сонымен қатар қазіргі таңда субсидия автоматтандырылып отыр. Бұл дегеніңіз, жемқорлықтың алдын-алу мақсатында мал шаруашылығына берілетін субсидиялар келесі жылдан бастап Ауыл шаруашылығы саласындағы барлық қолдау автоматтандырылатын болады.