Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері Ұлы Отан соғысының ардагері Вениамин Пантелеевич Скаленконы 102 жасқа толуымен құттықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Майдангер Карел майданынан Чехословакияға дейінгі жауынгерлік жолдан өтіп, Еуропаның бірнеше елін азат етуге қатысқан. Ерлігі үшін «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Ардагермен бірге құттықтауларды оның жұбайы, тыл еңбеккері Ксения Скаленко да қабыл алды.
Вениамин Пантелеевич 98-гвардиялық Свирск әуе-десант дивизиясының құрамында радиотелеграфшы болып қызмет атқарып, Карел майданындағы шайқастарға қатысқан. Кейін Беларусь, Польша, Венгрия, Австрия және Чехословакияны азат ету жолындағы ұрыстарға қатысқан. Майдангер үшін соғыс 1945 жылғы 12 мамырда аяқталды. Свирь өзенінен өту кезіндегі ерлігі мен байланыс жүйесін қамтамасыз ету жөніндегі жауынгерлік тапсырмаларды орындағаны үшін «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Кездесу барысында әскери қызметшілер ерлі-зайыптыларға Жеңіске қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Вениамин Пантелеевич майдан жылдарындағы естеліктерімен бөліссе, Ксения Скаленко тылдағы еңбек пен соғыс кезіндегі қиындықтар туралы әңгімеледі.
– Соғыс туралы жадымда көптеген ауыр естеліктер сақталған. Біз Отан үшін шайқастық, бейбіт күннің келетініне сендік. Бүгінде жастардың өз елінің тарихын біліп, соғыс қажытқан жандардың ерлігін ұмытпай, бейбітшілікті бағалағаны аса маңызды. Осы естеліктерді келер ұрпаққа жеткізіп отырсақ, қаруластарымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмайды, – деді Вениамин Пантелеевич.
Өз кезегінде ұландықтар Жеңімпаз ұрпақтың ерлігін әрдайым ардақтап, Отанға қызмет ету дәстүрін жалғастыра беретіндерін жеткізді. Мұндай кездесулер жас әскери қызметшілерге бейбіт өмірдің қадірін терең түсінуге және тарихи жадты сақтау жолындағы жауапкершілігін сезінуге мүмкіндік береді.
Вениамин Пантелеевич пен Ксения Скаленконың отбасылық тарихы 1949 жылы басталған. Биыл ерлі-зайыптылар шаңырақ көтергендеріне 77 жыл толуын атап өтті. Осы жылдар ішінде олар соғыстан кейінгі қиын кезеңдерді бірге өткеріп, ел тарихындағы талай өзгерістердің куәсі болды. Бір-біріне деген адалдық пен отбасылық жылулықты сақтап келеді.
Жүздесу соңында ерлі-зайыптыларға ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабековтің атынан сыйлық табыс етілді. Бұл құттықтау өмір жолы ел тарихымен біте қайнасқан жандарға деген зор құрмет пен алғыстың белгісі болды.