Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты бүгінгі Жолдауында елімізде инвестор тарту және оларды жан-жақты қолдау жүйесінде бірізділік жоқ екенін, сондықтан инвестиция тарту ісін бір орталықтан басқаруға мүмкіндік беретін тұтас жүйені жетілдіру қажеттігін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Әлемде инвестицияға талас күшейіп келеді. Бәсекеге қабілетті болу үшін жедел шешімдер қабылдап, жылдам әрекет ету қажет. Бірақ елімізде инвестор тарту және оларды жан-жақты қолдау жүйесінде бірізділік жоқ. Әрбір мекеме немесе жеке тұлға ойында не бар болса, соны істей береді. Нәтижесінде кешенді көзқарас та, үйлесімділік те, сабырлық та, білім де жетіспейді. Сондықтан инвестиция тарту ісін бір орталықтан басқаруға мүмкіндік беретін тұтас жүйені жетілдіре түсу керек. Менің ойымша, баяғыдан сөреде жатқан мәселені, яғни инвестициялармен жүйелі түрде айналысатын мекемені анықтау керек. Себебі қазіргі таңда осы бағытта жүйе жоқ. Бірқатар мемлекеттік мекемеге бірдей құзыреттер берілген. Қазіргі жағдайда бұл тәсілдер заман талабына сай келмейді, әбден ескірген. Бәлкім, инвестицияға қатысты мәселелермен «Бәйтерек» холдингі белсендірек айналысқаны дұрыс шешім болар. Ал Экономика министрлігі, Сыртқы істер министрлігі инвестицияларға байланысты кейбір құзыретін орындауды жалғастырады», – деді Президент.