Шымкентте жыл басынан бері өткір ішек жұқпалы ауруларына қатысты 5 топтық жағдай тіркелді. Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, аталған жағдайлардың бірқатарында тұрғындар жеке тапсырыспен дайындалған сушиді тұтынған. Соның салдарынан бір отбасының бірнеше мүшесі бір мезетте ауырған, деп хабарлайды turkystan.kz Otyrar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Шымкент қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетованың айтуынша, жаз мезгілінде өткір ішек жұқпалы ауруларына қатысты жағдайлардың басым бөлігі қоғамдық тамақтану орындарымен байланысты болған.
«Жаздың кезінде көбіне өткір ішек жұқпалы аурулары қоғамдық тамақтану орындарынан болды. Көше тамақтарынан аса тіркелген жоқ. Тамақтан улану емес, өткір ішек ауруына қатысты 5 топтық жағдай тіркелді. Бір үйде бірнеше адамның ауырған жағдайы болды. Олардың барлығы өз бетінше сауда орындарын ашып, суши дайындап, тапсырыспен тасымалдаған. Нәтижесінде сапасыз тағам тұтынудан өткір ішек жұқпалы ауруына шалдыққан жағдайлар тіркелді», – деді Айгүл Тұрымбетова.
Маманның айтуынша, тамақтан улану мен ішек жұқпалы ауруларының туындауына жеке бас гигиенасының сақталмауы, тағамды дұрыс сақтамау және санитариялық талаптардың бұзылуы себеп болуы мүмкін.
Қала тұрғындары да қоғамдық тамақтану орындарын таңдағанда санитариялық талаптардың сақталуына назар аудару қажет екенін айтады.
«Мен өзім сырттан тамақтануды дұрыс деп санамаймын. Өйткені ол жерде санитариялық талаптар сақталмауы мүмкін. Түрлі ішек ауруларына шалдығу қаупі бар. Сондықтан көбіне үйде тамақтанғанды жөн көремін. Арнайы асханаларда немесе тиісті рұқсат құжаттары бар кафелерде тамақтанған дұрыс деп есептеймін», – деді қала тұрғыны.
Тағы бір тұрғын да үй жағдайында дайындалған тағамды тұтынған қауіпсіз екенін атап өтті.
Мамандардың айтуынша, көшеде дайындалған тағамдарды тұтыну кезінде санитариялық талаптардың сақталмауы денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін. Атап айтқанда, тағамды дайындау кезінде жеке бас гигиенасының сақталмауы, тағамды сақтау талаптарының бұзылуы және ыдыс-аяқтардың тиісті деңгейде тазаланбауы ішек жұқпалы ауруларының таралуына себеп болуы ықтимал.
Айгүл Тұрымбетова көшеде дайындалған тағамға қатысты негізгі қауіп факторларына тоқталды.
«Көшеде дайындалған тағамдардың негізгі қаупі – біріншіден, тағамды тұтынатын адамның қолының таза болмауы. Екіншіден, көпшілік жүретін жерде түрлі инфекциялардың таралу қаупі бар. Үшіншіден, тағамды сақтау талаптары бұзылуы мүмкін. Төртіншіден, ыдыс-аяқтардың тиісті деңгейде жуылмауы да қауіп тудырады», – деді ол.
Маман тағам өнімдерін дайындау, сақтау және өткізу кезінде санитариялық талаптарды сақтау қажеттігін еске салды.
Егер тұтынушы сапасыз тағамды тұтыну салдарынан денсаулығына зиян келгенін анықтаса, оның құқықтары заңмен қорғалады. Мұндай жағдайда тағамның фото немесе бейнесін түсіріп алу, сатып алғанын растайтын түбіртекті сақтау, сондай-ақ медициналық көмекке жүгінгенін растайтын құжаттарды жинау қажет.
Егер кәсіпкер тұтынушының талабын қанағаттандырмаса, тұрғылықты жері бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне шағымдануға болады. Ал келтірілген материалдық шығынды өтеу мәселесі бойынша азамат сотқа жүгінуге құқылы.