Дәрігердің уақытын алатын медициналық жүйелерді оңтайландыру қажет – Русана Сулаймонова

/
Дәрігердің уақытын алатын медициналық жүйелерді оңтайландыру қажет – Русана Сулаймонова
Құрылтайдың баспасөз қызметі

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Русана Сулаймонова Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға медициналық ақпараттық жүйелерді жетілдіру мәселесі бойынша депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Бүгінде медициналық ақпараттық жүйелер (МАЖ) медицина қызметкерлерінің негізгі жұмыс құралдарының біріне айналды. Алайда деректерді қайта енгізу, ақпаратты әртүрлі бөлімдерден іздеу, кейбір операцияларды қолмен орындау және интернетке тәуелділік қосымша жүктеме туғызып, медицина қызметкерлерінің пациенттерге тікелей бөлуге болатын уақытын алады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт денсаулығы мен «Салауатты қоғам» қалыптастырудың маңызын бірнеше рет атап өтті. Ол үшін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттырып, дәрігердің пациентке көбірек уақыт бөлуіне жағдай жасау қажет. Бұл бағыт «Әділет» партиясының адамға бағдарланған денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөніндегі сайлауалды бағдарламасында анық көрсетілген», – деді Р. Сулаймонова.

Ол медициналық ақпараттық жүйелерді қолдану барысында туындайтын бірқатар мәселелерге назар аударуды ұсынды. 

«Біріншіден, медициналық деректерді қайта іздеу және енгізу мәселесі. Пациенттің маңызды медициналық деректері жүйенің әртүрлі бөлімдерінде орналасқандықтан, дәрігер оларды қайта іздеуге немесе енгізуге мәжбүр. Бірыңғай анамнездің болмауы толық ақпаратты жылдам алуды қиындатып, дәрігердің уақытын алады.

Екіншіден, медициналық қызметтердің ақпараттық жүйелер мен интернетке тәуелділігі. Техникалық ақаулар немесе интернет болмаған жағдайда медициналық қызмет көрсету қиындайды. Бұл әсіресе шалғай ауылдар мен цифрлық мүмкіндіктері шектеулі азаматтар үшін өзекті.

Үшіншіден, медицина қызметкерінің атқарған жұмысының толық ескерілмеуі. Кейбір көрсеткіштер медицина қызметкеріне ғана емес, пациенттің өзіне де байланысты. Дәрігер пациентті шақырып, хабарлап, жолдама бергенімен, пациент келмеуі, бас тартуы немесе байланысқа шықпауы мүмкін», – деді ол.

Депутаттың сөзінше, пациенттің негізгі медициналық деректерін қамтитын бірыңғай анамнез қалыптастырып, интернет болмаған жағдайда медициналық ұйымдардың жұмысын жалғастырудың резервтік тәртібін енгізу керек.

«Жоғарыда баяндалғанның негізінде Денсаулық сақтау министрлігінен:

 1. Медициналық ақпараттық жүйелерде пациенттің негізгі медициналық деректері негізінде бірыңғай анамнезі, созылмалы аурулары, аллергиясы және басқа да маңызды деректері автоматты түрде қалыптастыру мүмкіндігін қарастыруды;

2. Техникалық ақаулар немесе интернет болмаған жағдайда медициналық ұйымдардың жұмысын жалғастыру үшін бірыңғай резервтік тәртіп пен пациентті сәйкестендірудің баламалы тәсілдерін енгізу мүмкіндігін қарастыруды;

3. Медициналық ақпараттық жүйелерде медицина қызметкерінің нақты атқарған әрекеттерін тіркеу және есепке алу мүмкіндігін қарастыруды. Пациенттің бас тартуы, қабылдауға келмеуі немесе байланысқа шықпауы медицина қызметкерінің жұмысын бағалауға негізсіз әсер етпеуі тиіс;

4. Осы ұсыныстарды іске асыру мүмкіндігі, қажетті техникалық өзгерістер және оларды енгізу мерзімдері туралы ақпарат беруді сұраймыз», – деді ол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар