«Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығының XVI маусымы басталды

/
«Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығының XVI маусымы басталды
Фото: lubimec.kz

«Халықтың сүйіктісі — Народный любимец года» ұлттық сыйлығының он алтыншы маусымы басталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

6-12 қазан аралығында қазақстандықтар еліміздегі ең танымал қоғамдық сыйлықтардың біріне өз үміткерлерін ұсына алады.

Сыйлық 2011 жылдан бері беріліп келеді. Биыл он алтыншы маусым өтеді. Осы жылдар ішінде номинациялар өзгеріп, жаңа есімдер мен жаңа қоғам қаһармандары пайда болды. Алайда сыйлықтың басты қағидасы өзгерген жоқ – Халық өзі қоғамдық мойындауға лайық деп санайтын адамдарды ұсынады.

Сондықтан әр маусым дәстүр бойынша ашық халықтық ұсынудан басталады. Кез-келген адам өз үміткерін ұсынып, оның биыл қандай еңбегімен ерекшеленгенін қысқаша түсіндіре алады.

2026 жылы 11 негізгі номинация белгіленді:

Жыл мұғалімі

Жыл ғалымы

Жыл дәрігері

Жылдың мәдени жобасы

Жылдың медиа жүргізушісі

Жыл спортшысы

Жыл параспортшысы

Жыл парламентшісі

Жыл қоғам белсендісі

Жыл саясаттанушысы

Жылдың медиа тұлғасы

Үміткерлер 6-12 қазан аралығында сыйлықтың Facebook-тегі ресми тобында ұсынылады. Ол үшін үміткердің аты-жөнін атап, қай номинацияға ұсынылатынын көрсету және оның 2026 жылғы жетістіктері туралы қысқаша жазу қажет.

Халықтық ұсыну кезеңі аяқталғаннан кейін әр номинация бойынша сыйлықтың дәстүрлі «5+5» формуласы негізінде он үміткерден тұратын тізім жасақталады.

Бес үміткер халықтық ұсыну нәтижелері бойынша анықталса, тағы бес үміткерді «Халықтың сүйіктісі» сыйлығының Академиясы ұсынады.

Мұндай қағида халық таңдауы мен сарапшылардың пікірін ұштастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ашық ұсыну көпшілікке аса танымал болмаса да, өз еңбегімен шын мәнінде мойындалуға лайық адамдардың есімін жария етуге мүмкіндік береді.

«Халықтың сүйіктісі» сыйлығының бұған дейінгі он бес маусымында мәдениет, білім, ғылым, медицина, спорт, саясат, қоғамдық өмір және медиа салаларының танымал өкілдері лауреат атанды.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары