Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері ардагерлерді Қарттар күнімен құттықтады

/
Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері ардагерлерді Қарттар күнімен құттықтады
Ұлттық ұлан

Өскеменде Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай тыл ардагерлері мен Ұлттық ұлан ардагерлеріне құрмет көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мерекелік іс-шара барысында әскери қызметкерлер ардагерлердің үйлеріне арнайы барып, ізгі тілектерін жеткізіп, естелік сыйлықтар табыстады. Алдымен 3477 әскери бөлімінің офицерлері мен сержанттары, сондай-ақ «Жас Бүркіт» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері 104 жастағы тыл ардагері Анастасия Павловнаның шаңырағына барды. Әскери бөлім командирі полковник Айзат Атаев ардагерге соғыс жылдарындағы еңбегі мен кейінгі ұрпаққа көрсеткен табандылығы үшін алғыс білдірді.

– Сіздің өмір жолыңыз – жас ұрпақ үшін тағылымы мол өнеге. Сіздердің бейнетпен өткен жылдарыңыз бен елге сіңірген еңбектеріңіз ешқашан ұмытылмайды, – деді полковник Айзат Атаев.

Құттықтаушы тарап ардагерге естелік сыйлықтарын табыстап, ақжолтай тілектерін білдірді. Ал «Жас Бүркіт» сыныбының тәрбиеленушілері үшін бұл кездесу аға буынның өмір жолын тыңдап, тарихтан тағылым алуға мүмкіндік болды. Мерекелік шараның келесі бағыты Ұлттық ұлан ардагері, тыл еңбеккері Иван Гагариннің шаңырағында жалғасты. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Арман Сеитов, адагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Айдар Оразбаев және 5518 әскери бөлімінің әскери қызметшілері ардагерді арнайы құттықтады. Жақында 93 жасқа толған Иван Фёдоровичке қос мерекеге – туған күні мен Халықаралық қарттар күніне орай «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысы атынан алғыс хат пен естелік сыйлық табысталды.

Кездесудің ерекше сәті ардагердің өз ауласында өтті. Ұлттық ұланның әскери оркестрі арнайы музыкалық бағдарлама ұсынып, Иван Гагаринге музыкалық сәлем жолдады. Қарттар күніне орай ұйымдастырылған іс-шара – аға буынға деген құрметтің ғана емес, олардың өмір жолын кейінгі ұрпаққа үлгі етудің де маңызды көрінісі. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы ардагерлермен байланысты нығайтып, олардың өнегелі өмір жолын жас әскери қызметшілер мен өскелең ұрпаққа насихаттауды жалғастырып келеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар