Астана тұрғынының суретін WhatsApp-та жариялаған көршілер өтемақы төледі

/
Астана тұрғынының суретін WhatsApp-та жариялаған көршілер өтемақы төледі
depositphotos.com

Астанада тұрғынның суретін оның келісімінсіз WhatsApp чаттарына таратқан көршілер моральдық зиян үшін өтемақы төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс материалдарына сәйкес, әйел тұрғын үй тұрғындарының жиналысына қатысқаннан кейін өз фотосының жалпы саны шамамен 1,5 мың адамды қамтитын екі WhatsApp чатында жарияланғанын білген.

Кейін дау сотқа жеткен. Іс аумақтық соттылық тәртібімен Астана қаласының ауданаралық азаматтық істер жөніндегі сотынан Жамбыл облысының Шу аудандық сотына жіберілген. Сот отырысы онлайн форматта өткен.

Сот мессенджердегі скриншоттарды электрондық дәлел ретінде қабылдап, адамның келісімінсіз оның суретін көпшілік қатысатын чатта жариялау құқық бұзушылық екенін анықтаған.

Сонымен бірге талапкердің чаттағы хабарламаларды өшіру туралы талабы қанағаттандырылмаған. Сот мұны белгілі бір уақыт өткеннен кейін жазбаларды барлық қатысушының құрылғысынан техникалық тұрғыда жою мүмкін еместігімен түсіндірген.

Нәтижесінде екі жауапкердің әрқайсысынан талапкердің пайдасына моральдық зиянды өтеу үшін 20 мың теңгеден өндірілді.

Ал үшінші жауапкерге қатысты талап оның іске қатысы жеткілікті деңгейде дәлелденбегендіктен қанағаттандырылмады.

Жамбыл облыстық соты бірінші сатыдағы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары