Қазақстанда 35 жыл қатарынан, жыл сайын 1 қазанда қарттар күні атап өтіледі. Бұл айтулы күн – аға буынның мемлекетіміздің дамуына қосқан елеулі үлесіне құрмет көрсетіп, олардың бай өмірлік тәжірибесі мен ұрпаққа қалдырған өнегелі жолын ұлықтайтын маңызды мезет, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәліметінше, бүгінде елімізде ғасырлық межеден асқан 44 зейнеткер бар. Олар – шаһарлардың қалыптасуына, жаңа ұрпақтың өсіп-өркендеуіне куә болған тұлғалар.
Әйелдер арасында еліміздегі ең жасы үлкен зейнеткер – 106 жаста, ол Шымкент қаласында, отбасының ортасында өмір сүруде. Ал Алматы қаласында тұратын 104 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері, биология ғылымдарының докторы, профессор, академик атамыз – ер азаматтар арасындағы ең жасы үлкен зейнеткер болып табылады.
Қазір Қазақстан бойынша 2,4 миллионнан астам азамат зейнетақы төлемдерін алады. Олардың 64%-ын әйелдер, ал 36%-ын ер адамдар құрайды.