Дзюдошы Елдос Сметов Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында күміс жүлде иеленді. Ол жарыстан кейін финалдағы белдесуі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Спортшы қарсыласына мүмкіндік беріп, қателік жібергенін мәлім етті.
«Өте жақсы, тартысты белдесу болды. Өкінішке қарай, сәл мүмкіндік беріп қойдым. Қателік жібердім. Қателік кеткен кезде қарсыласым өз елінде болғандықтан, төрешілер де оның жағына сәл басымдық берді деп ойлаймын. Бұл – ренжитін нәрсе емес. Қателік жібердім, мүмкіндік бердім. Ол өз бағасын алды.
Екі жылдық үзілістен кейін Азия финалына шығу – үлкен жетістік. Оның үстіне, бірінші белдесуден бастап менің жолым оңай болған жоқ.
Корея, Моңғолия, Тайбэй спортшыларының барлығының атағы мен жетістігі жоғары. Қазір олар Grand Slam, Гран-При жарыстарының финалдарында жүрген спортшылар. Олардың барлығын жеңіп шықтым деп ойлаймын.
Бұл сәтсіздік шығар. Әлі де мықты болып ораламыз. Әлі уақыт бар. Басты мақсатым – Олимпиада тарихын жаңарту. Одан кейін елімізде өтетін әлем чемпионаты бар. Сол жарыста жеңіске жетіп, Әнұранымызды шырқатқым келеді», – деді дзюдошы Qazaqstan арнасына берген сұхбатында.