Мемлекет басшысы еліміз Кореяның сутегі энергетикасын дамыту тәжірибесіне қызығушылық танытып отырғанын атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оның айтуынша, бұл бағытта бірқатар бірлескен жоба пысықталып жатыр. Соның бірі – Шығыс Қазақстан облысындағы «Жасыл энергетика кешені».
– Таза сутегін өндіруге және қолдануға қатысты пилотты жобаларды іске асыру қажет деп санаймын. Әйтсе де көмір Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігінде маңызын жоймайды. Елімізде 33 миллиард тоннаға жуық көмір қоры бар, ал көмірден алынатын қуат электр энергиясы өндірісінің 60 пайыздан астамын қамтамасыз етеді. Сондықтан «таза көмір» технологиясын енгізуге айрықша басымдық береміз. Корея бизнесін, әсіресе, Doosan, KEPCO E&C және Midland Power компанияларын көмір генерациясын жаңғырту жобаларын бірлесе жүзеге асыруға, сондай-ақ ауаға таралатын зиянды заттарды реттеу технологияларын енгізуге шақырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитінде.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастыққа ерекше мән берді.
– Корея Республикасы – жаһандық технология жарысындағы көшбасшылардың бірі. Қазақстан да цифрлық трансформацияға белсенді кірісті. Астанада Аlem.ai халықаралық орталығы ашылды, суперкомпьютерлер іске қосылды, арнаулы жасанды интеллект университеті өз жұмысын бастады. Кореямен бірқатар бірлескен бастама жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Түркістанда Woosong университеті ашылды, Қызылордада SeoulTech университетімен бірге Жасанды интеллект институты құрылды. Алатау қаласында орналасатын KAIST, яғни Корея озық технологиялар институты филиалы өзара серіктестігіміздің серпінді жобасы болуға лайық. Бұл – әлемдегі технология тілін үйрететін жетекші оқу орындарының бірі. Биыл Корея ғылыми-техникалық ақпарат институтымен бірлесе негізі қаланған AI SilkNet предективті аналитика және форсайт орталығы іске қосылады. Менің ойымша, екі елдің ғылыми мекемелері, университеттері мен технологиялық компаниялары осы орталықтың айналысында бір мақсатқа топтасқаны жөн. Қазақстан бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін Аlem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының әлеуетін жұмылдыруға дайын. Сонымен қатар Орталық Азия елдеріне жасанды интеллект саласы мамандарын даярлау үшін Кореямен серіктестік негізінде AI Talent өңірлік бағдарламасын іске қосқан жөн деп санаймын. Бұл өз кезегінде экономикалық өсім мен ғылыми прогреске ықпал ететін жаңа технологиялық кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент аса маңызды минералдар саласындағы серіктестікті күшейтуді ұсынды.
– Қазақстанның ресурс базасы айтарлықтай мол. Сирек кездесетін металдар қоры бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарына енеді. Корея стратегиялық санатқа жатқызатын 10 минерал түрінің бәрі де елімізде бар. Қазақстанның ресурс әлеуеті мен Кореяның технологиялық мүмкіндіктерін үйлестіру өзара тиімді ынтымақтастық үшін кең мүмкіндіктерге жол ашады. Осы сапар аясында Алматы қаласында Кореяның технологиялық ықпалдастық институтының (KIAT) көмегімен Сирек және сирек кездесетін металдарды зерттеу орталығын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Мен мұны құптаймын. Біз толық өндіріс циклын қалыптастыруды мақсат етуіміз керек. Яғни аса маңызды шикізатты зерттеу мен өндіруден бастап, оны терең өңдеу және одан қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруға дейінгі тізбек толық қамтылуға тиіс. Қарапайым тілмен айтқанда, жартылай өткізгіштер, микроэлектроника, аккумулятор, электромобиль мен роботты техника бөлшектерін өндіруге көшуіміз керек. Бұл міндетті орындау үшін бірлескен қазақ-корей компаниясын құруды ұсынамыз, – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігі және аймақтағы экологиялық теңгерімді сақтау мәселесін көтерді.
– Қазақстанда су шаруашылығы инфрақұрылымын жаппай жаңғырту жүріп жатыр. 2030 жылға дейін 42 жаңа су қоймасын салып, 14,5 мың шақырым суландыру арналарын жаңартуды және су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдануды жоспарлап отырмыз. Климаттың өзгеруі, су тапшылығы және табиғи экожүйенің тозуы қазірдің өзінде Орталық Азияның әлеуметтік-экономикалық дамуына теріс әсер етіп жатыр. Сондықтан Қазақстан Кореяның біз үшін өте маңызды әрі шетін салаға қатысты озық технологиясы мен жинаған тәжірибесін бөлісу ниетін жоғары бағалайды. Атап айтқанда, Кореяның су үнемдеуге, судың цифрлық есебін жүргізуге арналған технологияларын меңгеруге және заманауи су үнемдеу инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ортақ бағдарламаны іске қосқан дұрыс деп санаймын, – деді Қазақстан Президенті.