Ерлан Сайыр: Қазақ сәлемдесуінің басты ерекшелігі – ұстамдылық

/
Ерлан Сайыр: Қазақ сәлемдесуінің басты ерекшелігі – ұстамдылық
Фото: elorda.info

«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, Құрылтай депутаты Ерлан Сайыр Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға амандасу әдебін бір ізге түсіру туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Басты міндет халқымыздың баға жетпес қазынасы ұлттық мұраны» сақтау деп атап өтті!  Мемлекет Басшысының амандасу әдебін ұлттық құндылықтарға сай дамыту мәселесін көтеруі де осы саясаттың нақты көрінісі. Ел үшін мәдениет – концерт, театр немесе музеймен ғана шектелмейді. Мәдениет – адамның күнделікті мінез-құлқынан, жүріс-тұрысынан,  қоғамдағы әдебінен көрінетін өмір салты. Осы тұрғыда  амандасу мәдениеті – ұлттық бірегейліктің ең қарапайым әрі ең көрнекті элементінің бірі. Әлем халықтарының тәжірибесіне қарасақ, сәлемдесу рәсімі олардың ұлттық болмысының көрсеткіші.  Жаһандану жағдайында әр халықтың өзіндік амандасу мәдениетін сақтау –  ұлттық мәдени ерекшелікті сақтаудың бір тетігі. Қазақ қоғамында да амандасудың өзіндік қалыптасқан жүйесі болған. Бұл дәстүрлердің астарында үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу, ағайын арасындағы байланысты сақтау сияқты құндылықтар жатыр», – дейді ол.

Депутат сонымен қатар мектептерде амандасу әдебін күнделікті тәрбие жұмысы ретінде енгізуді ұсынды.

«Қазақ сәлемдесуінің басты ерекшелігі ұстамдылық. Сәлемдесу – сол мәдени кодтың ең қарапайым, бірақ ең терең белгілерінің бірі. Ал мәдени код үлкен ұрандардан емес, күнделікті әдеттен басталады. Сондықтан бұл мәселені бір реттік акция немесе тәрбие жұмысы ретінде емес, ұлттық бірегейлікті нығайтатын ұзақ мерзімді мемлекеттік мәдени саясаттың бір бағыты ретінде қарастыруды ұсынамыз.

Осыған байланысты:

  1. Амандасу әдебін ұлттық құндылықтарға негізделген әлеуметтік норма ретінде қалыптастырудың нақты әдістемелік ұсынымдарын дайындауды;
  2. Мектептерде амандасу әдебін күнделікті тәрбие жұмысының тұрақты элементі ретінде енгізуді;
  3. Сынып сағаттары, мектеп ережелері, тәлімгерлік, ата-анамен жұмыс, педагогтердің жеке үлгісі және мектептің күнделікті мәдени ортасы арқылы амандасу әдебін орнықтыру тетіктерін қарастыруды;
  4. Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру жүйелерімен бірлесіп, ұлттық әдеп нормаларын заманауи тәрбие жұмысының мазмұнына енгізу жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді сұраймыз», деді ол.
Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары