Продюсер Баян Алагөзова журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында жұбайы Тұрсен Алагөзовтің бұрынғы әйелімен қарым-қатынасы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Журналист одан Тұрсеннің бірінші жарымен бір дастархан басында отыруы мүмкін бе деп сұраған.
Баян Алагөзова мұндай жағдайды жоққа шығармайтынын айтты. Оның сөзінше, арада балалар болғандықтан, бұрынғы реніштен гөрі олардың көңілі мен мүддесін бірінші орынға қойған дұрыс.
"Ешқашан "ешқашан" деме дейді ғой. Егер адамдар ажырасқанда айғай-шусыз, дүние бөліспей, ұрыс-керіссіз, бір-біріне қастық жасамай, мәдениетті түрде айырылыса алса, бәрі әлдеқайда жақсы болар еді. Сондықтан мен ештеңені жоққа шығармаймын. Ол – мен араласатын балалардың анасы. Мен бұған қарсы емеспін", – деді продюсер.
Сондай-ақ Баян Алагөзова Тұрсен Алагөзовтің ұлы Арсеннің болашақ тойы туралы да айтты. Ол мұндай маңызды сәтте жұбайымен бірге болып, отбасы мүшесі ретінде тойға қатысқысы келетінін жеткізді.
"Арсен ертең үйленуі мүмкін. Ол қазірдің өзінде ересек азамат. Сондай күні күйеуімнің менен бөлек барғанын қаламас едім. Мен де Арсеннің тойына отбасының толыққанды мүшесі ретінде қатысқым келеді", – деді ол.
Продюсер балаларды әке мен анаға бөліп қарауға болмайтынын айтып, мұндай жағдайда барлық тараптың қалыпты әрі мәдениетті қарым-қатынаста болғанын қалайтынын жеткізді.