Өзбекстандағы мектепке қазақ жазушысының есімі берілді

/
Өзбекстандағы мектепке қазақ жазушысының есімі берілді
ҚР Өзбекстандағы елшілігі

Өзбекстанның Ташкент облысы Бостандық ауданы Қараманас ауылындағы №34 жалпы орта білім беретін мектепке қазақ жазушысы, драматург, аудармашы, Ұлы Отан соғысының ардагері және қоғам қайраткері Рахметолла Райымқұловтың есімі берілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Салтанатты іс-шара 2 қыркүйекте Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің қолдауымен өтті. Шара жаңа оқу жылының басталуына және қаламгердің есімін туған жерінде ұлықтауға арналды.

Іс-шара Қазақстан мен Өзбекстан жазушыларының "Түркі әлемінің рухани мұрасы: әдебиет – дәуірлер мен ұрпақтар сабақтастығы" форумы аясында ұйымдастырылды. Форумның мақсаты – екі ел арасындағы әдеби-мәдени байланысты нығайту, ортақ рухани мұраны дәріптеу және шығармашылық ынтымақтастықты кеңейту.

Мектеп жазушы 1913 жылы дүниеге келген Қараманас ауылында орналасқан. Білім ордасына Рахметолла Райымқұловтың есімінің берілуі екі елге ортақ тарихи және мәдени мұраға деген құрметтің белгісі ретінде атап өтілді.

Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі М.Отарбаев, Өзбекстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Х.Султонов, Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Ералы Тоғжанов, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, сондай-ақ екі елдің мемлекеттік органдары мен Жазушылар одақтарының өкілдері қатысты.

Ералы Тоғжанов өз сөзінде бұл оқиғаның тек бір мектепке есім берумен шектелмейтінін, қазақ пен өзбек халықтарының ортақ тарихы мен рухани жақындығын көрсететін маңызды қадам екенін айтты.

Іс-шара дәстүрлі алғашқы қоңырау рәсімімен басталып, "Рахметолла Райымқұлов: ұрпақтарды біріктіретін мұра" тақырыбындағы ашық сабақпен жалғасты.

Сонымен қатар жаңартылған мектеп кітапханасы мен жазушыға арналған мемориалдық бұрыш ашылды. Кітапхана қоры қазақ және өзбек әдебиетінің жаңа басылымдарымен толықтырылды.

Ұйымдастырушылар бұл бастама Рахметолла Райымқұловтың мұрасын жас ұрпаққа танытуға және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты одан әрі нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар