Әнші Жазира Байырбекова әлеуметтік желідегі парақшасында отбасындағы қуанышты жаңалығын жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өнер иесінің қызы Дара биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, 1-сыныпқа барды. Әнші қызының өміріндегі маңызды сәтке байланысты әсерлі жазба арнап, ақ тілегін жеткізді.
"Бүгін мен үшін ерекше, жүрекке толқыныс сыйлаған күн… Даратайым алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, 1-сыныпқа қадам басты. Кеше ғана балабақшаға қолынан жетектеп апарған кішкентай балапаным, бүгін білім атты үлкен әлемнің есігін ашып тұр", – деп жазды ол.
Жазира Байырбекова қызының білім жолы ашық болып, болашағы жарқын болсын деген тілегін де білдірді.
"Қадамың құтты болсын, құлыным! Білім жолың ашық, болашағың жарқын болсын! Әрдайым жүзіңнен күлкі, жүрегіңнен мейірім, бойыңнан әдеп пен тәрбиені жоғалтпағайсың. Алғашқы қоңырауың құтты болсын, Даратайым!" – деді әнші.
Өнер иесі қызына мектепте білімнің биік шыңдарын бағындыруды тіледі.
Жазбаны көрген желі қолданушылары да Дараға сәттілік тілеп, жаңа оқу жылымен құттықтады.