28-30 тамыз аралығында Чехияда пара хоккейден «Оломоуц кубогы» (Olomouc Cup 2026) халықаралық турнирі өтті. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы үшінші орынға ие болып, қола жүлдеге қол жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Биыл жетінші рет ұйымдастырылған Olomouc Cup турниріне сегіз команда қатысты. Олардың қатарында ұлттық құрамалармен бірге Еуропаның жетекші пара хоккей клубтары да болды. Жарысқа Чехия, Италия, Германия, Финляндия, Франция, Аустрия және Қазақстан өкілдері қатысты.
Қазақстан командасы турнир аясында үш кездесу өткізді. Топтық кезеңде екі жеңіске жетіп, жалпы турнирлік кестеде үшінші орынға жайғасты. Алғашқы ойында қазақстандық пара хоккейшілер Франция құрамасын 7:1 есебімен сенімді жеңді. Одан кейін Қазақстан Чехияның екінші құрамын 1:0 есебімен ұтты. Үшінші кездесуде қазақстандық спортшылар Италияның ұлттық құрамасының негізгі ойыншыларынан құралған South Tyrol Eagles клубымен кездесті. Бұл ойында Қазақстан командасы 0:6 есебімен есе жіберді.
Турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды Италия, екінші орынды Чехия, үшінші орынды Қазақстан құрамасы иеленді. Одан кейін Германия, Чехияның екінші құрамы, Финляндия, Франция және Аустрия командалары орналасты.
«Olomouc Cup 2026 турниріндегі қола медаль – Қазақстан парахоккейі үшін маңызды жетістік. Сегіз команданың арасынан үшінші орын алу ұлттық команданың халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін көрсетті. Әсіресе Еуропалық командаларды ұту - команда ойыншыларының дайындығы мен жеңіске деген жігерін айқын көрсетті. Бұл нәтиже алдағы халықаралық жарыстарға дайындық үшін жақсы тәжірибе болды», – деді Қазақстан пара хоккей федерациясының бас хатшысы Қайрат Сабиров