Қызылордада теміржол вокзалы жаңарды

/
Қызылордада теміржол вокзалы жаңарды

Қызылорда облысы халықаралық санаттағы автокөлік дәлізінің ғана өзегі емес. Өңірдің өн бойында ғасырдан астам тарихы бар теміржол жатыр. Жаңақорғаннан бастап Аралға дейінгі аймақтың әрбір ауданы мен орталығын көктей өтетін болат жол ертеден экономиканың күре тамыры саналады. 

Осыдан біршама уақыт бұрын Мем­лекет басшысы республикада 124 теміржол вокзалын қайта жаңғыртуды тапсырған болатын. Соның 10-ы Қы­зылорда облысының еншісіне тиді. Пре­зидент тапсырмасына сай пәр­мен­ді түрде жұмыс басталып, нәти­же­сінде өңірдегі теміржол вокзал­да­ры­ның ажары кіріп, қызметі ширады. 
Осы кезге дейін Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандары мен Сексеуіл кен­тінің теміржол вокзалдары, «Та­лап» бекетіндегі жолаушылар плат­фор­­масы халық игілігіне табысталды. Ен­дігі кезекте Арал, Төретам, Жосалы вок­залдары мен Тереңөзек және Жа­ла­ғаштағы қызмет көрсету пункттері пайдалануға беріледі. Стансалар мен жол бойындағы нысандардың авто­мат­тандырылып, цифрлық жүйеге кө­шуінің өзі де салаға жаңа серпін әкелді. 
2024 жылы облыс орталығы – Қы­зыл­орда қаласындағы теміржол вок­залының ғимараты мен оған іргелес ау­маққа абаттандыру жасалған бола­тын. Ондағы тарихи ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, айналасы ажарланды, жолаушылар үшін барынша жайлы мүмкіндік қарастырылды. Шамамен 600 млн теңгеден астам қаржы жұм­салып, қаланың теміржол қақпасы кісі сүйсінетін күйге енді. 
Жалпы, облыс аумағынан 15 жо­лау­шы пойызы қатынайды. Жыл ба­сы­нан бері 550 мыңнан астам жо­лау­шы мен 9 млн тонна жүк тасы­мал­дан­ған. Ал мамыр айында жылына жүз­де­ген вагонға техникалық қызмет көр­сететін «Марал Нұр» серіктестігінің жа­ңа кешені іске қосылды. Жоба құны – 5,6 млрд теңге.
Серіктестік директорының даму жөніндегі орынбасары Олжас Өткел­баевтың айтуынша, кәсіпорын кешен қыз­метіне дейін жолаушылар тасы­ма­лымен айналысып келеді. Қазір серік­тестікке қарасты барлығы төрт құ­рам­дағы жолаушылар пойызы елге қыз­мет көрсетуде. Оның бірі – «Қы­зылорда-Павлодар» бағыты болса, екін­шісі – «Жезқазған-Астана» жолау­шы­лар пойызы. Одан бөлек, қосымша тір­келмелі «Қарағанды-Қаражал» ба­ғытында вагондары бар.
– Серіктестік 2005 жылдан бері те­міржол саласында, яғни 20 жылдан астам уақыт әлеуметтік маңызы бар жо­лаушылар тасымалымен айна­лыса­ды. Бұл салада 240 адам жұмыс істейді. Компания Көлік министрлігінің бар­лық талабын орындап, «Қазақстан Темір Жолы» ҰҚ» АҚ тасымалдау ере­же­леріне сәйкес және теміржол қауіп­сіздігін сақтай отыра пойыз­дарын жүр­гізіп отыр. Бұрын Сыр өңірі­нің Арал, Қазалы және Қармақшы аудан­дарының тұрғындары жылдар бойы елордаға бару үшін алдымен облыс орталығына қатынап, сапарда үлкен қиындық пен артық шығындарға тап болатын. Ал бұл мәселені шешуде «Қы­зылорда-Павлодар» пойызының іске қосылуы – халықтың арман-тіле­гін орындаған шынайы жанашыр жо­ба болды. Енді аудан жұртшылығы об­лыс орталығына сабылмай, өз ор­та­лықтарынан тікелей пойызға оты­рып, Ұлытау облысы арқылы Аста­наға жетеді. Соның арқасында тұр­ғын­дар­дың уақыты мен қаражаты үнемделіп, халықтың ризашылығына бөленген маңызды әлеуметтік қолдау жүзеге асты, – дейді ол.
Биыл ашылған кешеннің ең басты мін­деті – жолаушылар вагондарына тех­никалық қызмет көрсету және жөн­деу жұмыстары.
– Құрылтайшымыз әрі серіктес­тік­тің бас директоры Мұрат Нұр­сай­тов­тың үйлестіруімен кешен өз қыз­метін сәтті бастады десек болады. Мем­лекет тарапынан да қолдау жет­кілік­ті. Аз пайызбен үлкен көлемде не­сие алып, вагондарды жөндеуге қа­жетті жабдықтарды түгелдедік. Оның 90 пайызы Ресейден келді. Ке­шен бірнеше цехтан тұрады. Мұнда пойыз дөңгелектерін жөндеуден бас­тап, вагон сыртына қайта бояу жүр­гізетін цехқа дейін орналасқан. Бар­лы­ғы 20 шақты. Сондай-ақ жылу, электр, су желілері, желдеткіш жүйесі, бәрін де қайта жаңарту осы зауытта іске асады, – дейді Олжас Өткелбаев.
Оның айтуынша, кешен ішінде тех­никалық жөндеудің бірінші, екін­ші сатысына арнайы лицензия қажет емес. Ал үшінші сатысына арнайы рұқ­сатнама керек. Бұдан бөлек, депо­лық жөндеуге де, яғни вагон қаңқасы мен сыртқы қорабын жаңартуға тиіс­ті орыннан («Қазақстан Темір Жолы» ком­паниясынан) арнайы құжат алы­нады. Қазір осы лицензиялар серік­тес­тік­ке берілген. Ендігі кезекте вагон­дар­ды күрделі жөндеуден өткізу бойын­­ша рұқсат құжатын алу қаре­кеті жасалуда. Ол уақытта жолау­шы­лар вагоны түгелдей қайта жаңғыр­тудан өтетін болады. Қазір елуден ас­там техникалық мамандығы бар аза­мат осында тұрақты жұмыс істейді. Бұл әзірге бір ауысымдағы мамандар. Екі ауысымға көшкенде 100-ден аса азаматқа жұмыс табылады.

Қуат ӘБІШ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары