Сауда және интеграция министрлігі азаматтардан келіп түскен өтініштерге байланысты автомобиль бензинінің сапасына зертханалық зерттеуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Техникалық реттеу және метрология комитетінің Павлодар облысы бойынша аумақтық департаменті Павлодар мұнай-химия зауытында тікелей алынған бензиннің арбитраждық сынамаларын өндірушіден тәуелсіз зертханаға тапсырды. Sinoil, QazaqOil және Helios қоспалары қосылған отын үлгілері де жеке зерттелуде. Зерттеу нәтижелері бір апта ішінде белгілі болады.
Қазір азаматтардың 12 өтініші қаралуда: 9-ы – Астана қаласынан, 1-еуі – Павлодардан және 2-еуі – Солтүстік Қазақстан облысынан.
Сонымен қатар, 17 жанармай құю стансасында бақылау сатып алуы жүргізілді: 5-еуі – Алматы қаласында, 5-еуі – Алматы облысында, 6-ауы – Абай облысында және 1-еуі – Жамбыл облысында. Қазір алынған үлгілерге зертханалық сынақ жүргізілуде.
Осылайша, жүргізіліп жатқан тексеру отын сапасын өндіріс кезеңінде ғана емес, оны тұтынушыға сатуға дейінгі кейінгі айналым кезеңдерінде де бағалауға мүмкіндік береді.
Тексеру аясында сынамалар бүкіл жеткізу тізбегі бойынша, оның ішінде мұнай базаларында да алынады. Бұл жұмыстарды жүргізу үшін қажетті нормативтік-техникалық құжаттар, мемлекеттік стандарттар және сынақ зертханалары бар.
Автомобиль бензинінің техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтіні анықталған жағдайда, заңнамада көзделген шаралар қабылданады. Оның ішінде талаптарға сәйкес келмейтін жанар-жағармай материалдарын сатуға тыйым салу және айналымнан алып қою шаралары қарастырылған.