Сұңғат Есімханов Қазақстанның Энергетика вице-министрі қызметінен босатылды. Тиісті қаулыны ҚР Үкіметі қабылдады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Есімханов Энергетика вице-министрі қызметін 2023 жылғы 19 желтоқсаннан бері атқарып келді. Бұған дейін ол Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетін басқарған.
Сұңғат Есімханов 1973 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Павлодар индустриялық институтын және Қарағандыдағы «Болашақ» өзекті білім беру институтын тәмамдаған.
Еңбек жолын 1996 жылы «Алюминий Қазақстан» АҚ-да бастаған. Онда еңбекті нормалау жөніндегі инженер және экономист болып жұмыс істеген. 2001-2004 жылдары ҚР Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау агенттігінде жетекші маман міндетін атқарушыдан басқарма бастығына дейінгі әртүрлі қызметтерді атқарды.
2004-2007 жылдары Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігінің құрылымдарында жұмыс істеді. Әр жылдары Маңғыстау және Қарағанды облыстарында департамент директоры қызметтерін атқарды. 2008 жылы Есімханов «Қаныш Сәтбаев атындағы арна» РМК бас директорының орынбасары болды. 2008-2010 жылдары Павлодар облысының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының міндетін атқарушы, кейін басқарма бастығы қызметін атқарды. 2010-2013 жылдары «Қазахэнергоэкспертиза» АҚ басқарды.
2013-2014 жылдары ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Электр энергетикасы және көмір өнеркәсібі департаментінің директоры міндетін атқарушы және директоры қызметтерін атқарды. 2014-2018 жылдары Есімханов Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы болды.
2018-2020 жылдары Энергетика вице-министрі қызметін атқарды. 2020-2021 жылдары Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары болып жұмыс істеді. 2021-2022 жылдары «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы болды. 2022 жылдан 2023 жылғы 19 желтоқсанға дейін Есімханов қайтадан Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетін басқарды.
2023 жылғы 19 желтоқсанда ҚР Үкіметінің қаулысымен Энергетика вице-министрі қызметіне тағайындалды.