Түркістан облысында Қазақстанды Өзбекстан және Орталық Азияның өзге елдерімен байланыстыратын халықаралық маңызы бар автожолдың 24,1 шақырымында орташа жөндеу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Өзбекстан Республикасының шекарасы (Ташкент бағыты) – Өзбекстан Республикасының шекарасы (Термез бағыты)» автожолының 887,9–912 шақырым аралығы толық жаңартылды. Жүргізілген жұмыстар жол жамылғысының жағдайын едәуір жақсартып, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға және халықаралық жүк пен жолаушылар тасымалына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді.
Аталған автожол халықаралық көлік қатынасы мен логистиканы дамытуда маңызды рөл атқарады. Бұл бағытта жүк және жолаушылар көлігінің қозғалысы қарқынды. Сондай-ақ жол Қазақстанды Өзбекстанмен және Орталық Азияның басқа да мемлекеттерімен байланыстыратын маңызды көлік дәліздерінің бірі саналады.
Жөндеу аясында 3 624,4 шаршы метр цементбетон жамылғысы жаңартылып, 405,1 мың шаршы метр ыстық асфальтбетон қоспасынан жаңа жол жамылғысы төселді. Сонымен қатар 89 мың шаршы метр жол жиегі нығайтылып, 40,8 мың бойлық метр жиектастар орнатылды.
Көпір құрылыстарына да ерекше назар аударылды. Алты көпірдің жол жамылғысы толығымен ауыстырылып, қосымша 2,8 мың метр дөңгелекке қарсы қорғаныш брустары орнатылды.
Қозғалыс қауіпсіздігін арттыру мақсатында учаскеге 196 жол белгісі қойылып, 119 шақырым жол таңбасы сызылды және 28 жарықтандыру нысаны орнатылды.
Жоба аясында көзделген барлық жұмыс толық көлемде аяқталды. Жаңартылған жол учаскесі қозғалыс қауіпсіздігі мен жайлылығын арттырып қана қоймай, халықаралық тасымалдың тиімділігін жақсартуға және Қазақстанның өңір елдерімен көлік-логистикалық байланысын нығайтуға мүмкіндік береді.