Павлодарда алимент қарызы бар азаматтар 600 млн теңгені бәске тіккен

/
Павлодарда алимент қарызы бар азаматтар 600 млн теңгені бәске тіккен
istockphoto.com

Павлодар облысының прокуратурасы OLIMPBET букмекерлік кеңсесінің қызметінде алимент бойынша берешегі бар тұлғаларды құмар ойындарға заңсыз жіберуге байланысты заң талаптарының бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Анықталғандай, Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» Заңының талаптарын бұза отырып, алимент бойынша 279 борышкер еш кедергісіз ойын шоттарын толықтырып, құмар ойындарға қатысқан. Олардың ойын шоттарына салған қаражатының жалпы сомасы 600 млн теңгеден, ал шығарылған қаражат көлемі 415 млн теңгеден асқан. Анықталған тұлғалардың 97-сі алимент төлеуден қасақана жалтарған.

Анықталған заң бұзушылықтар бойынша облыс прокуратурасы Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетіне прокурорлық қадағалау актісін енгізді.

Қадағалау актісін қарау нәтижесінде уәкілетті орган букмекерлік кеңселерді Бірыңғай есепке алу жүйесіне (БЕЖ) қосу бойынша шаралар қабылдады. Бұл жүйе қабылданған барлық бәстер мен төленген ұтыстарды автоматты түрде есепке алуды қамтамасыз етеді, сондай-ақ атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелері бар борышкерлердің тізілімдері арқылы клиенттерді тексеріп, оларға қолжетімділікті бұғаттауға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта БЕЖ-мен интеграция жеті букмекерлік кеңседе, оның ішінде OLIMPBET компаниясында толық аяқталды. Бұдан бөлек, тағы он букмекерлік кеңсе тиісті келісімдерге қол қойған.

Қабылданған шаралар букмекерлік кеңселердің қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейтуге, заңмен тыйым салынған тұлғалардың құмар ойындарға қатысуына жол бермеуге және алимент өндіру туралы сот шешімдерінің орындалу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар