Алматыда полицейлер қару-жарақ пен оқ-дәрілер жасырылған орынды тапты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алматы қалалық ПД-ның баспасөз қызметі мәлімдегендей, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Дархан шағынауданында, өзен маңынан қару-жарақ жасырылған орынды анықтаған.
"Оның ішінен тұтас арсенал табылды. Полиция қызметкерлері газды тапаншалар, граната, сондай-ақ тегіс ұңғылы мылтықтардың кесінділерін тәркіледі. Барлық тәркіленген зат сот-баллистикалық сараптамаға жіберілді", - делінген хабарламада.
Мамандар табылған қару мен оқ-дәрілердің шығу тегін, кімге тиесілі екенін, сондай-ақ аталған жасырын орынның қашан және қандай жағдайда жасалғанын анықтауы тиіс.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған.