Қызылорда облысының Тереңөзек кентіндегі №155 сайлау учаскесінде 105 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров дауыс берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ғасыр жасаған қария ел болашағына бейжай қарамай, маңызды саяси науқанға қатысып, азаматтық белсенділіктің үлгісін көрсетті. Бүгінде Яхия Тасыров - Қызылорда облысындағы Ұлы Отан соғысының жалғыз ардагері.
Өмір жолы ел тарихымен сабақтасқан майдангер бейбіт күннің қадірін жақсы түсінеді. Оның өнегесі мен ақ батасы кейінгі ұрпақ үшін қашанда қымбат.
Ардагер елдің тұрақтылығы мен жарқын болашағы үшін әр азаматтың өз таңдауын жасап, сайлауға қатысуы маңызды екенін атап өтті.
– Еліміздің ертеңі жарқын болуы үшін әркім өз таңдауын жасауы керек. Бірлігіміз бекем, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! – деп ақ батасын берді Яхия Тасыров.
105 жастағы ардагердің сайлауға қатысуы - азаматтық жауапкершіліктің жарқын көрінісі. Оның бұл игі ісі жас ұрпаққа үлгі болып, ел тағдырына бейжай қарамай, қоғамдық өмірге белсенді араласудың маңызын тағы бір мәрте айқындады.