Астананың пара және сурдоспортшылары дауыс беруге белсенді қатысты

Астананың пара және сурдоспортшылары дауыс беруге белсенді қатысты

Астананың пара және сурдоспортшылары, сондай-ақ жаттықтырушылар мен спорт саласының өкілдері Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс берді, деп хабарлайды turkystan.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Сайлау учаскелеріне халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап жүрген танымал спортшылар мен тәжірибелі жаттықтырушылар келді. Олардың қатарында пара армрестлингтен және пара оқ атудан әлем және Азия чемпионы, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы Никита Ермаков бар.

«Бүгін елімізде алғаш рет Құрылтай сайлауы өтіп жатыр. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл – Қазақстан тарихында жаңа кезеңге жол ашатын тағдырлы сәт. Барша азаматты сайлау учаскесіне келіп, елдің болашағы үшін дауыс беруге шақырамын», – деді Никита Ермаков.

Сондай-ақ дауыс беруге пара оқ атудан әлем кубогының қола жүлдегері, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы Әйгерім Төлегенова мен пара оқ атудан әлем кубогының күміс жүлдегері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы әрі жүлдегері Ардақ Оторбаев қатысты.

Пара оқ атудан жаттықтырушы Михаил Александрович те өз азаматтық таңдауын жасады.

Сайлауға паралимпиадашылар да белсенді қатысты. Олардың қатарында 2024 жылы Парижде өткен жазғы Паралимпиада ойындарының чемпионы, пара дзюдодан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Ақмарал Науатбек бар.
Сурдоспорт өкілдерінің арасынан сурдо дзюдодан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Болат Данияров дауыс берді.

Бұдан бөлек, пара каратэден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем және Азия чемпионы, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы, VII Спартакиада жеңімпазы Ләззат Жүсіпова да сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.
Дауыс беруге Астананың басқа да пара және сурдоспортшылары, сондай-ақ жаттықтырушылар қатысып, белсенді азаматтық ұстанымын танытты.

Спортшылар үшін елдің болашағынан тыс қалмай, өз азаматтық ұстанымын білдіру маңызды. Бүгінгі дауыс беру елорданың спорт қауымдастығы өкілдерінің спорт алаңында ғана емес, Қазақстанның қоғамдық өмірінде де белсенді екенін көрсетті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар