Құрылтай Қазақстанды дамытуға күш салады деп үміттенемін – Қырғызстан бақылаушысы

/
Құрылтай Қазақстанды дамытуға күш салады деп үміттенемін – Қырғызстан бақылаушысы

Бүгін Қазақстанда маңызды саяси оқиға – Құрылтай сайлауы өтіп жатыр. Оның барысын бақылау үшін елімізге халықаралық бақылаушылар келді. Солардың қатарында Қырғыз Республикасы Орталық сайлау және референдумдар өткізу жөніндегі комиссиясының төрағасы Шайназаров Тынчтык бар. Ол Астана қаласындағы №164 дауыс беру учаскесіне барып, дауыс беру процесімен және ұйымдастыру жұмыстарымен танысты. Оның айтуынша, азаматтардың өз еркін білдіруі үшін барлық қажетті жағдай жасалған, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Орталық сайлау комиссиясы басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, Қазақстан Республикасы азаматтарының өз еркін білдіруін қамтамасыз ету үшін барынша күш-жігер жұмсаған. Азаматтардың келіп, дауыс беруі үшін барлық жағдай жасалған», – деді ол.

Шайназаров учаскелердегі ұйымдастыру деңгейін жоғары бағалап, халықтың белсенділігі мен көңіл күйіне оң баға берді. Сонымен қатар жастардың, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың саяси процеске қатысуына және гендерлік теңгерімге жағдай жасалғанын атап өтті.

«Заңнамалық тұрғыда жастардың өкілдігі қамтамасыз етілгенін атап өткім келеді. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтар да ескерілген және гендерлік балансқа мән берілген. Бұл қуантарлық жағдай», – деді ол.

Халықаралық бақылаушының пікірінше, азаматтардың өз өкілдерін таңдау мүмкіндігі олардың мемлекет басқаруына қатысуын кеңейтеді. Ол халықты биліктің негізгі бастауы ретінде атап өтті.

«Биліктің бастауы – халық. Халықтың өз өкілдері арқылы қажетті заңдарды қабылдау жолымен Қазақстан Республикасының Құрылтайы елді дамытуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға күш салады деп үміттенемін», – деді Шайназаров.

Ол №164 учаскедегі азаматтардың белсенділігін де атап өтіп, басқа дауыс беру орындарына баруды жоспарлап отырғанын айтты.

«Басқа учаскелерді де қараймыз. Жалпы, біз ризамыз. Сайлауды өткізу деңгейі жоғары деп айтуға болады», – деді ол.

Жалпы, халықаралық бақылаушы Қазақстандағы сайлау процесінің ұйымдастырылуына оң баға берді. Оның айтуынша, азаматтардың дауыс беруіне қажетті жағдай жасалған, ал халықтың белсенділігі жоғары.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары