ТМД Парламентаралық Ассамблеясының халықаралық бақылаушылары дауыс беру барысына қатысты өз әсерлерімен бөлісті. Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысы Республика Кеңесі төрағасының орынбасары, байқаушылар тобының үйлестірушісі Игорь Брилевич сайлауға дайындық пен оны ұйымдастыру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілгенін атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Адамдар Құрылтайға өз мүдделерін қорғайтын азаматтарды сайлау арқылы елдің болашағы үшін маңызды шешім қабылдап жатқандарын түсінеді. Біз Қазақстанда бірнеше күннен бері жұмыс істеп келеміз. Орталық сайлау комиссиясының басшылығымен, Сыртқы істер министрлігімен және барлық саяси партиялардың жетекшілерімен бірқатар кездесу өткіздік. Сайлауға дайындықтың барлық кезеңінде өте ауқымды әрі мұқият жұмыс жүргізілгенін атап өткім келеді. Сондықтан бүгін Қазақстан халқы өзіне лайықты таңдау жасайтынына ешқандай күмәніміз жоқ», – деді спикер онлайн-марафон аясында ОКҚ алаңында өткен брифингте.
Осы пікірді ТМД ПАА Кеңесі Хатшылығы басшысының орынбасары, ТМД ПАА-ға мүше мемлекеттер азаматтарының сайлау құқықтарының сақталуын, парламентаризм мен демократияның дамуын мониторингтеу жөніндегі халықаралық институттың директоры Иван Мушкет те қолдады.
Сонымен қатар ол жастардың ел өміріндегі рөліне тоқталды.
«Мен Қазақстан жастарына тәнтімін», – деді спикер.