Бүгін «Qazaqstan» республикалық телерадиокорпорациясының жетекшілігімен 16 сағаттық жалпыұлттық online-марафон басталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
09:00-ден 00:30-ға дейін жалғасатын медиажобада Астана, Алматы және Шымкенттен, сондай-ақ шетелдерден тікелей қосылымдар ұйымдастырылып, сайлау барысы мен күннің басты оқиғалары қамтылады. Марафонда ресми ақпараттар, сарапшылар пікірі, қоғамдағы өзекті мәселелер, TEDx алаңы, интерактивті форматтар мен арнайы репортаждар ұсынылады.
Іс-шараға қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері, сарапшылар, блогерлер, спортшылар мен өнер жұлдыздары қатысады. Арнайы алаңда спикерлер қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және тарихи-мәдени тақырыптарды талқылайды. Мотивациялық дәрістер оқиды. Touch Screen арқылы негізгі статистика мен рейтингтер көрсетілмек. Экспресс-камерада жедел пікірлер мен қысқа сұхбаттар жүреді. Викторина мен ойын-сауық бағдарламалар да бар.
«Қарқынды құрылыс» жобасы аясында Ақтөбе, Қостанай, Шымкент қалалары мен Қызылорда, Павлодар, Абай облыстарындағы құрылыс алаңдарынан тілшілер хабар таратады.
Марафонның басты ерекшелігі - Астана, Алматы және Шымкенттен тікелей қосылымдар. Тілшілер үш мегаполистің тыныс-тіршілігін, көрікті жерлерін көрсетіп, тұрғындар мен түрлі сала мамандарынан сұхбат алады. Марафонды республикалық және өңірлік телеарналар, сондай-ақ отандық БАҚ-тың әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшалары тікелей эфирде көрсетеді.