Ақтаулық параспортшы бір қолымен 24 сағат жүзіп, рекорд орнатты (ВИДЕО)

/
Ақтаулық параспортшы бір қолымен 24 сағат жүзіп, рекорд орнатты (ВИДЕО)
коллаж: turkystan.kz

Ақтаулық параспортшы Қуаныш Асқар 24 сағат бойы тоқтаусыз жүзуге бағытталған ерекше спорттық сынақтан өтіп, бір тәулік ішінде 60 шақырымға жуық қашықтықты жүзіп өтті. Сынақ 15 тамыз күні сағат 10:00-де басталып, 16 тамыз күні сағат 10:00-де аяқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

"Ерекше жан" спорт клубының мәліметінше, сынақ барысында спортшыға қысқа уақытқа үзіліс жасап, тамақтануға және күшін қалпына келтіруге рұқсат етілді. Алайда негізгі талаптардың бірі – жүзуді толық тоқтатпау және 24 сағат бойы ұйықтамау.

Қуаныш Асқар мұндай ұзақ қашықтықты еңсеруге алғаш рет бел буғанын айтты. Бұған дейін ол бассейнде ең ұзақ дегенде 9 сағат жүзген. Спортшының айтуынша, бұл сынақта физикалық дайындықтан гөрі психологиялық дайындық маңызды болған.

«Қазақстанда мен сияқты мүмкіндігі шектеулі жандар арасында мұндай қашықтықты жүзіп өткен адам болмаған деп ойлаймын. Қателеспесем, бір қолы жоқ спортшы да мұндай дистанцияны жүзіп көрмеген. Ақтауда да бұған дейін мұндай сынақ жасалмаған. Сондықтан «Неге бізге жасамасқа?» деп шешіп, осы рекордқа қадам бастық. 24 сағат бойы ұйықтамау, суда ұзақ уақыт жүру оңай емес. Айналадағы дыбыстарды естімей, өз ойыңмен арпалысатын сәттер болады. Сол қиындықтардың бәрін жеңіп, тоқтамай жүзу керек. Әсіресе түнгі уақытта жүзу өте қиын болды. Ұйқы қысады, айнала қараңғы, адам аз. Осындай сәттерде өзіңді жинап, алға қарай жүзуді жалғастырудың өзі үлкен сынақ, – деді Қуаныш Асқар.

Параспортшы бұл сынақтың өзіне ғана емес, мүмкіндігі шектеулі жандарға да мотивация беретінін атап өтті. Оның сөзінше, адамның мүмкіндігін көбіне өзі белгілейтін шектеулер тежейді.

«Менің ойымша, біздегі ең үлкен шектеу– өз басымызда. Осыдан 3-4 жыл бұрын менің ойыма 5 шақырым немесе 10 шақырым жүзу де кірмейтін. Ал қазір 5 те, 10 да емес, 60 шақырымға жуық қашықтықты жүзіп жатырмыз. Сондықтан адам өзіне шектеу қоймай, өз мүмкіндігіне сеніп, алға ұмтылуы керек. Ең біріншіден, өзім сияқты өмірде түрлі қиындықтарға кезіккен мүгедектігі бар жандарға айтарым – қандай қиындық болса да, ең бастысы, алға қарай жылжи беру керек. Берілмей, мақсатқа қарай қадам басу қажет. Армандай білу керек және сол арманға жету үшін еңбектену керек», – деді Қуаныш Асқар.

Осылайша, параспортшы 24 сағаттық жүзу сынағын сәтті аяқтап, ұзақ қашықтықты еңсерудің жаңа үлгісін көрсетті. Оның айтуынша, мұндай бастамалардың негізгі мақсаты - спорттағы мүмкіндіктердің шекарасын кеңейтіп, өзге де жандарды мақсатқа ұмтылуға ынталандыру.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар