Әлеуметтік желіде Fassoollka лақап атымен танылған ресейлік стример Ксения Гузаева Қазақстанға қатысты даулы пікірлерінен кейін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ел аумағынан шығарылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Астана полициясының мәліметінше, әлеуметтік желілерді бақылау барысында шетелдік азаматшаның тікелей эфир кезінде арандатушылық сипаттағы және әдеп нормаларына қайшы пікірлер айтқаны анықталған.
Атап айтқанда, блогердің Қазақстан мен Павлодарға қатысты мәлімдемелері әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыға түскен.
Сот шешімі бойынша Ксения Гузаеваға айыппұл салынды. Бұдан бөлек, оны Қазақстан аумағынан шығару жөнінде тиісті шаралар қабылданған.
Сондай-ақ заң талаптарына сәйкес ресейлік блогердің Қазақстанға қайта кіруіне бес жылға тыйым салынды.
Полиция Қазақстанның шетел азаматтары мен қонақтар үшін ашық мемлекет екенін, алайда ел аумағында жүрген әрбір адамның заң талаптарын сақтап, Қазақстанға, оның азаматтарына және жалпыға ортақ мінез-құлық нормаларына құрметпен қарауы міндетті екенін еске салды.