Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Қазақстан азаматтарының дербес деректерінің таралуы және олардың даркнетте жарияланғаны туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ведомствоның мәліметінше, қазір бейінді қызметтермен бірлесіп, жарияланған ақпаратқа техникалық тексеру жүргізіліп жатыр. Мамандар ұсынылған деректер үлгілерін талдап, олардың ықтимал шығу көзін анықтап жатыр.
«Қазір электрондық үкіметтің ақпараттық жүйелерінің бұзылғаны және аталған деректер базасының тікелей eGov жүйесінен алынғаны туралы расталған ақпарат жоқ
Сонымен қатар жарияланымдарда көрсетілген ақпараттың бір бөлігі электрондық үкімет деректерінің құрылымы мен форматына сәйкес келмейтінін атап өтеміз. Атап айтқанда, eGov жүйесінде жарияланымдарда көрсетілген форматтағы паспорттардың скан-көшірмелері сақталмайды, ал цифрлық құжаттардың форматы өзгеше. Даркнет пайдаланушысының деректер базасының шығу тегіне қатысты мәлімдемесі eGov жүйесінің бұзылғанын растайтын дәлел бола алмайды.
Техникалық тексеру жалғасып жатыр. Оның қорытындысы бойынша қосымша ақпарат беріледі», – делінген хабарламада.
Министрлік азаматтарға цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтауды ұсынды. Атап айтқанда, SMS-кодтарды, парольдер мен ЭЦҚ деректерін үшінші тұлғаларға бермеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге және әртүрлі сервистер үшін түрлі парольдерді пайдалануға шақырды.