Оңтүстік Корея президенті киберқылмыскерлерді экстрадициялауға көмектескені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді

Оңтүстік Корея президенті киберқылмыскерлерді экстрадициялауға көмектескені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді

Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қылмыстық топ мүшелерін ұстау және оларды Кореяға қайтару операциясына көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді.Ли Чжэ Мён бұл туралы Х әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Камбоджа мен Вьетнам арқылы Қазақстанға жасырын кіріп, біздің азаматтарымызға қарсы телефон алаяқтығын жасаған Корея Республикасының ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері жергілікті жерде ұсталғаннан кейін 2 апта өткен соң толықтай елге қайтарылып, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.

Ұстау шарасынан бастап елге жеткізуге дейінгі жұмыстың жедел атқарылуы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің белсенді қолдауы мен ынтымақтастығының арқасында мүмкін болды», – делінген жазбада.

Ли Чжэ Мён осы іске қолдау көрсеткен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Ұлттық қауіпсіздік комитетіне алғыс білдірді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға және тиісті тараптарға шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Келесі айда өтетін «Корея Республикасы – Орталық Азия» саммитінде тікелей жүздесіп, алғысымызды жеке жеткізуге мүмкіндік болады деп сенеміз.

Корея Республикасы азаматтарының қауіпсіздігі мен бейбіт өміріне қатер төндіретін қылмыстарға қарсы ешқандай ерекшелік жасалмайды. Қай жерде жасырынса да, оларды соңына дейін іздеп тауып, міндетті түрде заң алдында жауапқа тартамыз», – делінген жазбада.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар