Вьетнамнан Қазақстанға жеткізілген блогер 7 жылға сотталуы мүмкін – Бас прокуратура

/
Вьетнамнан Қазақстанға жеткізілген блогер 7 жылға сотталуы мүмкін – Бас прокуратура
t.me/GenPr

Халықаралық іздеуде жүрген блогер Қайсар Қамза Вьетнамнан Қазақстанға жеткізілді. Ол Камрань – Астана бағытындағы рейспен елге әкелінген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде блогердің Вьетнам әуежайында түсірілген суреті тараған еді. Осыдан кейін оның Қазақстанға экстрадициялануы мүмкін екені хабарланған.

Ұшақ Астана әуежайына қонар алдында ғимарат аумағында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің саны артқаны байқалған. Сондай-ақ халықаралық рейсті Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілдері күтіп алған. Әуежай маңында Ішкі істер министрлігінің қызметтік көліктері де тұрған.

Бас прокуратураның мәліметінше, Қайсар Қамза 2025 жылғы қаңтарда әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі аудиториясын пайдаланып, ақшалай сыйақы үшін заңсыз интернет-казиноны жарнамалады деген күдікке ілінген.

Тергеу дерегіне сәйкес, ол Қазақстан азаматтарын құмар ойындарға қатысуға шақырған. Интернет-казиноны насихаттағаны үшін блогердің криптовалюталық әмиянына 200 мың АҚШ доллары аударылғаны айтылды.

Құзырлы орган қылмыстық топ мүшелері 2021-2025 жылдар аралығында Қазақстан аумағында бірнеше заңсыз онлайн-казиноның жұмысын ұйымдастырды деп есептейді. Тергеу нұсқасы бойынша, төлем терминалдары арқылы 106 миллиард теңгеден астам қаражат заңсыз айналымға түскен.

Аталған іс аясында қылмыстық топтың тоғыз мүшесі қамауға алынған. Қайсар Қамзаға қатысты істің мән-жайын тергеу органдары анықтайды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар