«Әділет» партиясының өңірлік сайлауалды штабтары ел аумағында тұрғындармен кездесулерді жалғастыруда. Абай облысында ауыл еңбеккерлерімен, Ұлытау облысында қоғамдық көлік жолаушыларымен, ал Батыс Қазақстан облысында «Есіктен есікке» акциясы аясында тұрғындармен ашық пікір алмасу өтіп, партияның сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары таныстырылып, азаматтардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Агросала мәселелері – күн тәртібінде
Абай облысы Ақсуат ауданындағы «Көкжыра» өндірістік кооперативінде «Әділет» партиясы өкілдерінің еңбек ұжымымен кездесуі өтті. Ашық форматта өткен басқосу ауыл шаруашылығы саласының өзекті мәселелерін талқылауға арналған пікір алаңына айналды.
Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасындағы агроөнеркәсіпті қолдау, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолжетімді қаржыландыру тетіктерін кеңейту, заманауи технологияларды енгізу және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамалар таныстырылды. Сонымен қатар ауыл инфрақұрылымын дамыту, еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайын жақсарту және ауыл кәсіпкерлігін қолдау мәселелері талқыланды.
«Көкжыра» өндірістік кооперативінің агрономы Сайлау Құрмашев шаруашылықтағы басты мәселелердің бірі – су тапшылығы екенін айтып жеткізді. Оның айтуынша, биылғы құрғақшылық салдарынан өзендердегі су деңгейі төмендеп, шабындықтарға су жайылмаған. Жауын-шашынның аз болуы жердің қуаңдануына әсер етіп, шаруашылық жұмыстарына қиындық туғызған.

«Ауылдың дамуы ең алдымен еңбек етіп жүрген адамдардың жағдайына байланысты. Сондықтан тұрғындардың ұсыныстары мен көтерген мәселелері біз үшін маңызды. Айтылған әрбір пікір нақты шешім қабылдауға және ауыл шаруашылығының дамуына ықпал етуі керек», – деді Ақсуат аудандық штаб мүшесі Тілеуқабыл Көнекбаев.
Кездесу соңында кооператив агрономдары штаб мүшелеріне жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмысы үшін алғысын білдіріп, ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған бастамаларды қолдайтынын жеткізді.
Басты назарда – халық үні
Ұлытау облысының орталығы – Жезқазған қаласында Құрылтай депутаттығына үміткерлер Ақжол Құрмансейіт пен Алмат Жүкебаев қоғамдық көлікте жолаушылармен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Кандидаттар қалаішілік автобустармен жүріп, тұрғындарға «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарын таныстырды. Сондай-ақ жолаушыларға ақпараттық материалдар таратылып, олардың сұрақтарына жауап берілді.

Кездесу барысында тұрғындар өз пікірлерін ашық айтып, жастардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласу маңызы туралы сөз қозғады.
«Құрылтайға жастардың көптеп ұсынылуы – қоғамның жаңаруының, жаңа көзқарастың қалыптасуының көрінісі деп білемін. Сіздерге сәттілік тілеймін!», – деді жолаушы Асхат Әбенов.
Жалпы, үгіт-насихат науқаны басталғалы бері Ұлытау облысында 300-жуық үгіт-насихат жұмыстары ұйымдастырылып, 24480 тұрғын қамтылды.
«Есіктен есікке»: тұрғындармен ашық диалог
Партияның Батыс Қазақстан облыстық сайлауалды штабы «Есіктен есікке» акциясы аясында үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыруда. Бұл жолы штаб мүшелері қала шетіндегі Зашаған шағынауданында орналасқан тұрғын үйлерді аралап, жергілікті халықпен жүздесіп, партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды.
Кездесу барысында тұрғындарға ақпараттық-насихат материалдары таратылып, сайлауалды бағдарламада қамтылған әлеуметтік, экономикалық және өңірлік даму мәселелері бойынша түсіндіру жұмысын жүргізілді. Сондай-ақ тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен өзекті мәселелері тыңдалып, ашық пікір алмасу өтті.
Тұрғындар өз кезегінде әлеуметтік мәселелер, соның ішінде қаланың ішіндегі жолдың сапасы және Орал-Атырау трассаның жай-күйі, зейнетақының мөлшерін көбейту және тағы да басқа өзекті мәселелерді көтерді.

Электоралдық кезең басталғалы бері «Әділет» партиясының өңірлік сайлауалды штабына 88 тұрғыннан 114 өтініш-ұсыныс келіп түсті. Азаматтар көтерген мәселелер жүйеленіп, партияның алдағы жұмысында ескерілетін болады.
«Есіктен есікке» акциясы тұрғындармен тікелей байланыс орнатуға, олардың пікірін тыңдап, өңірдегі өзекті мәселелерді анықтауға мүмкіндік беретін маңызды үгіт-насихат алаңы ретінде жалғасуда.